Ресей Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштеріндегі жаңа кадрлық тағайындаулар басқару жүйесіне елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін. Әскери сарапшылардың пікірінше, Владимир Путин тәжірибелі, соғыс қимылдарынан өткен генералдарға көбірек сенім артып отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
RTVI-ге пікір білдірген отставкадағы полковник Анатолий Матвийчук бұл өзгерістерді басқаруды орталықтандыру әрекеті деп бағалады.
"Мен мұны басқаруды орталықтандыру деп түсінемін. Жоғарғы бас қолбасшы осы генералдар өздеріне сеніп тапсырылған әскерді ұйымдастырушылық және әкімшілік тұрғыдан тиімді басқарады деп шешкен", – деді ол.
Матвийчуктың пікірінше, жаңа қолбасшылар майдандағы тактиканы түбегейлі өзгертпеуі мүмкін. Дегенмен ол бұдан кейін ауқымы кең әрі мақсаты батылырақ шабуыл операциялары ұйымдастырылуы ықтимал екенін жоққа шығармайды.
Ал Әскери-саяси талдау бюросының жетекшісі Александр Михайлов Ресей президенті Владимир Путин мен Қорғаныс министрі Андрей Белоусов жаңа тағайындаулар арқылы министрліктегі басқару тізбегін нығайтып жатыр деп есептейді.
"Қорғаныс министрінен бастап әскери округ қолбасшыларына дейінгі басқару жүйесі енді соғыс тәжірибесі бар, іс жүзінде сыналған жоғары шенді офицерлерге көбірек сүйенеді. Мұнда кадрлық шешімнің анық логикасы бар", – деді Михайлов.
Сарапшы жаңа басшылардың тәжірибесі Ресей армиясының жауынгерлік мүмкіндіктеріне оң әсер етуі мүмкін деп санайды. Оның сөзінше, мұндай ауыс-түйіс тек қолбасшылық құрамды ғана емес, әскери топтар мен Қорғаныс министрлігіндегі кадрлық құрамды да жаңартуға алып келеді.
"Әскерде жоғары басшылықтың ротациясы әрқашан пайдалы. Бір қызметте тым ұзақ отыруға болмайды. Командаларды кезең-кезеңімен жаңартып отыру қажет", – деді ол.