Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Алессандро Фанетти: Құрылтай сайлауы Қазақстанның алдағы жылдардағы саяси бағытын айқындайды

Алессандро Фанетти: Құрылтай сайлауы Қазақстанның алдағы жылдардағы саяси бағытын айқындайды

23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы - жаңа Конституция күшіне енгеннен және бір палаталы өкілді орган құрылғаннан кейінгі алғашқы жалпыұлттық дауыс беру. Итальяндық сарапшы Алессандро Фанеттидің пікірінше, бұл сайлаудың маңызы Қазақстанның саяси дамуына ғана емес, оның Орталық Азиядағы рөлін нығайтуға да байланысты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алдағы сайлау жаңа Құрылтайдың құрамын және оның алдағы бес жылдағы заң шығару жұмысының негізгі бағыттарын айқындайды. Өкілді органның қалыптасуы елдегі жаңартылған конституциялық модельді іс жүзінде жүзеге асырудың жаңа кезеңін бастайды.

Алессандро Фанетти - Еуразиялық және Жерорта теңізі зерттеулері орталығының (CeSEM) департамент басшысы. Ол өз пікірінде алдағы сайлауға институционалдық және геосаяси тұрғыдан баға берді.

Жаңа конституциялық жүйедегі алғашқы сайлау

Сайлау науқанының ерекшеліктеріне тоқталған Алессандро Фанетти оның Қазақстанның саяси тарихындағы айрықша орнына назар аударды. Азаматтар алғаш рет жаңа Конституцияға сәйкес құрылған Құрылтайдың құрамын жасақтауға қатысады.

«Қазақстандағы алдағы парламенттік сайлау - геосаяси және институционалдық тұрғыдан аса маңызды кезең. Шын мәнінде, бұл - жаңа Конституция қабылданып, жаңа Парламент - Құрылтай құрылғаннан кейінгі алғашқы сайлау. Бұл кезең елдегі ішкі саяси тепе-теңдікті және Қазақстанның алдағы жылдардағы даму бағытын айқындауға мүмкіндік береді», - деді сарапшы.

Дауыс беру нәтижесінде өкілді биліктің жаңа құрамы қалыптасып, қандай партиялардың бағдарламалары мен ұстанымдары заң шығару жұмысының күн тәртібінен көрініс табатыны анықталады. Жаңа Құрылтайға Конституцияда бекітілген ережелерді елдің одан әрі дамуына қатысты нақты заңдар мен шешімдер арқылы жүзеге асыру міндеті жүктеледі.

Көп бағытты дипломатия және Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі

Алессандро Фанетти сайлаудың маңызын әлемде болып жатқан өзгерістер аясында қарастырады. Әртүрлі күш орталықтары арасындағы бәсекелестіктің күшеюі теңгерімді сыртқы саясат пен тұрақты мемлекеттік институттардың маңызын арттырып отыр. Сарапшының пікірінше, жаңа Құрылтайдың қалыптасуы елдің ішкі саясатына ғана емес, Қазақстанның халықаралық серіктестіктерін жүйелі түрде дамытуына және өңірдегі рөлін нығайтуына да әсер етеді.

«Бір орталықты және көп орталықты әлем арасындағы қайшылықтың күшеюімен, сондай-ақ ірі және орта державалар арасындағы бәсекелестіктің артуымен сипатталатын қазіргі халықаралық ахуал жағдайында Астана белгілі бір деңгейде көп бағытты дипломатия жүргізіп, халықаралық серіктестіктерін нығайтуға ұмтылып отыр

Сондықтан жаңа Құрылтай сайлауының маңызы ұлттық деңгеймен ғана шектелмейді. Ол Қазақстанның саяси болашағын қалыптастыруға және сонымен қатар жалпы Орталық Азиядағы стратегиялық тепе-теңдіктегі елдің рөлін айқындауға ықпал етеді», – деп атап өтті Алессандро Фанетти.

Жүйелі жүргізіліп келе жатқан көп бағытты саясат Қазақстанға түрлі мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен сындарлы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Жаңа Құрылтайдың тиімді жұмысы осы саясаттың институционалдық негізін нығайтып, сыртқы саяси шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз етуге және елдің өңірлік үдерістерге қатысуын кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.

Өз пікірін қорытындылай келе, Алессандро Фанетти қазақстандықтарға алдағы сайлаудың сәтті өтуін тіледі.

Алессандро Фанеттидің бағалауынша, 23 тамыздағы сайлау Қазақстан дамуының ішкі және халықаралық бағыттарын өзара байланыстырады. Жаңа Құрылтайдың қалыптасуы елдің заң шығару саласындағы басымдықтарын айқындаса, мемлекеттік институттарды нығайту көп бағытты дипломатияны жалғастыруға және Қазақстанның өңірлік үдерістердегі рөлін одан әрі арттыруға берік негіз қалыптастырады.