Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Қытайдың ең бай миллиардерлерінің бірі өмір бойына сотталды

Қытайдың ең бай миллиардерлерінің бірі өмір бойына сотталды
Фото: Reuters

Қытайда Evergrande Group құрылыс алпауытының негізін қалаушы, миллиардер Хуэй Ка Ян өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұған дейін кәсіпкерге қаражатты тиімсіз жұмсау, капитал тарту барысында алаяқтық жасау және мемлекет мүлкін заңсыз иемдену бойынша айып тағылған. Сот барысында миллиардер өзіне тағылған айыптарды мойындаған.

Шэньчжэнь қаласының соты Хуэй Ка Янды өмір бойына түрмеге қамаумен қатар, оның барлық мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды.

Сондай-ақ кәсіпкер құрған Evergrande Group компаниясына 8,82 млрд юань, яғни шамамен 1,31 млрд доллар көлемінде айыппұл салынды. Ал компанияның еншілес ұйымы Hengda Real Estate 7 млрд юань айыппұл төлеуге міндеттелді.

Іс бойынша Хуэй Ка Янның бірқатар орынбасары да жауапқа тартылды. Оларға айыппұл салынып, алты жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Evergrande Group-тың қаржылық күйреуі Қытайдың жылжымайтын мүлік секторындағы ең ірі дағдарыстардың біріне айналған. Бір кездері елдегі ең ірі құрылыс компанияларының қатарында болған корпорация 2021 жылдан бастап қарыз міндеттемелерінің едәуір бөлігін өтей алмай келеді.

Компанияның жалпы қарызы шамамен 300 млрд долларға бағаланады.