Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан ұлы Даниял Үскенбай мен келінінің Париждегі сәттерімен бөлісіп, жас жұбайларға ақ тілегін арнады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол Instagram-дағы парақшасында бір-бірін таңдап, өмір жолын бірге жалғастыруға шешім қабылдаған екі жастың бақытына куә болудың өзі ерекше сезім екенін жазды.
«Сендерге махаббаттарыңды өмір бойы аялап, бір-біріңе ризашылықпен әрі құрметпен қарауды тілеймін. Жылдар өткен сайын сезімдерің тереңдеп, махаббаттарың даналық пен күшке толы болсын», - деп жазды Динара Сәтжан.
Тележүргізуші ұлына да арнайы үн қатып, отбасылық өмірге қатысты маңызды кеңесін айтты.
«Даниял, саған ең басты нәрсені айтқым келеді: әйел - қызметші емес. Ол - сенің өмірлік серігің, тең дәрежедегі жұбың. Онымен қуанышыңды да, қиындықтарыңды да, армандарыңды да, отбасы алдындағы жауапкершілікті де бірге бөлісесің», – деді ол.
Динара Сәтжанның ұлына айтқан бұл сөзі желі қолданушыларының назарын аударды.