Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"Қазақ жамағатқа бөлінген халық емес": Нұрлан имам әсіре діншілдік туралы айтты

"Қазақ жамағатқа бөлінген халық емес": Нұрлан имам әсіре діншілдік туралы айтты
Нұрлан Байжігітұлы. Фото: youtube.com/qasqajol

Белгілі дін өкілі Нұрлан Байжігітұлы жастар арасында әсіре діншілдікке бой алдыру мен жамағаттарға бөліну мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, кейінгі уақытта кейбір жастар өздерін өзгелерге ұстаз санап, кімнің сөзін тыңдап, кімнен аулақ болу керектігін айтуға көшкен. Нұрлан Байжігітұлы мұндай әрекеттер қоғамды біріктірудің орнына араға іріткі салуы мүмкін екенін атап өтті.

"Соңғы кездері жастардың осындай әсіре діншілдікке беріліп, ұстаз болып, бас-басына би болып, "ананы тыңдама, мынаны тыңдама" деп жүр. Олар бір шаңырақтың астына жиналудың орнына іріткі салып, осындай жағдайға жетті", – деді ол.

Нұрлан Байжігітұлы әлеуметтік желілерде түрлі діни топтар мен жамағаттарға бөлініп, бір-біріне үздіксіз насихат жолдаудың да қажеті жоқ деп есептейді.

"Біз намазханбыз ғой, оразашылмыз ғой, қажылармыз ғой" деген топтарды қою керек. Әлеуметтік желіден топтар ашып, "ана жамағат, мына жамағат" деп күні-түні түрлі сөздер жібере берудің қажеті жоқ", – деді Нұрлан Байжігітұлы.

Ол адамдардың бір-біріне жақсы сөз айтып, ізгілікке шақыруында әбестік жоқ екенін, алайда дін атынан өзгелерді жәннаттық немесе тозақтық деп бағалаудан аулақ болу керектігін жеткізді.

"Жамағат-жамағат болып бөлініп, жәннат пен тозақтың "локациясын" қолына алып алғандар кілтін Аллаға өткізген дұрыс", – деді дін өкілі.

Нұрлан Байжігітұлы қазақ қоғамы үшін ең маңызды құндылықтың бірі – бірлік екенін атап өтті.

"Біз қазақ жамағатқа бөлінген халық емеспіз, жалпы бөлінуді ұмытқан елміз. Бірлікті ту еткен елміз. Намаз оқыса да, оқымаса да, мешітке барса да, бармаса да, біздің ел бір қауым ұлт болуымыз керек", – деді ол.