Францияда биылғы жаздағы аптап ыстықтың салдарынан 7 мыңнан астам адам қайтыс болды. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрі Стефани Рист мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
BFMTV дерегінше, шілде айының соңына дейін Францияда бірнеше рет қайталанған аптап ыстыққа байланысты артық өлім көрсеткіші 7 мыңнан асқан.
"Біз үш ай бойы аптап ыстықтан зардап шегіп келеміз. Денсаулық сақтау жүйесі төтеп беріп отыр. Алайда шілде айының соңына қарай 7 мыңнан астам артық өлім тіркелді", – деді министр.
Стефани Ристің айтуынша, аптап ыстықтан қаза тапқандардың басым бөлігі ірі қалаларда тұратын жалғызбасты адамдар болған.
Министр сонымен қатар Франциядағы аномальды ыстыққа байланысты өлім-жітім көрсеткіші Германиямен салыстырғанда төмен екенін атап өтті.
Франция билігі аптап ыстық кезеңінде халықтың осал топтарына, әсіресе егде жастағы және жалғыз тұратын азаматтарға көбірек көңіл бөлу қажеттігін айтып отыр.