АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Мәскеуге барып, Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз өткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
РБК басылымының жазуынша, кездесу 5 қыркүйекте Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков пен Ресей басшысының шетелдермен инвестициялық-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі, РФПИ басшысы Кирилл Дмитриевтің қатысуымен өткен. Келіссөз 3 сағат 10 минутқа созылған.
Кирилл Дмитриев бұл кездесуді «маңызды бітімгерлік сапар» деп бағалады. Ал Юрий Ушаковтың сөзінше, Ресей тараптарға қақтығыс барысында қалыптасқан жағдайға қатысты өз бағасын жеткізіп, АҚШ-пен саяси-дипломатиялық шешім іздеу бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірген.
Кездесу басында Владимир Путин Дональд Трампқа алғысын жеткізуді сұрап, тараптар шешуі тиіс жағдайдың күрделі екенін атап өткен.
Келіссөз барысында Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысты реттеу және Киевке жасалатын соққыларды уақытша тоқтату мәселесі талқыланды.
Путиннің айтуынша, Киевке соққыны тоқтату туралы өтініш Ресейге арнайы қызметтер мен Сыртқы істер министрлігі арналары арқылы түскен. Осыдан кейін ол 5 қыркүйек сағат 00:00-ден бастап Киевке соққы жасамау жөнінде тапсырма берген. Бұған дейін Дмитрий Песков бұл шешім үш тәулік бойы күшінде болатынын айтқан.
Ресей президентінің сөзінше, америкалық арнайы өкілдердің келуіне байланысты Украина тарапы да Ресей аймақтарына, соның ішінде Мәскеуге жасалатын соққылардың қарқынын едәуір төмендеткен.
Путин Киев үш күнге ауқымды бітім жариялауды ұсынғанын, алайда мұндай келісімге қол жеткізілмегенін мәлімдеді. Сонымен бірге ол келіссөз процесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ресей тарапы қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты.
Стив Уиткофф өз кезегінде Путинге Киевке соққыларды уақытша тоқтатқаны үшін алғыс айтты. Оның сөзінше, бұл америкалық келіссөз жүргізушілердің Ресейге қауіпсіз жағдайда келуіне мүмкіндік берген.
Уиткофф пен Кушнер 6 қыркүйекте Киевте өтетін келіссөз барысында Ресей президентінен тікелей естіген ұсыныстар мен бағаларды пайдаланатынын мәлімдеген. Юрий Ушаковтың айтуынша, АҚШ өкілдері қақтығысты шешудің ықтимал жолдарына қатысты бірқатар ұсыныс дайындаған.