Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Непалда 10 күн бойы үйінді астында қалған екі адам тірі табылды

Непалда 10 күн бойы үйінді астында қалған екі адам тірі табылды
Су тасқыны. Фото: Skanda Gautam/SOPA Images/LightRocket via Getty Images

Непалда жойқын су тасқынынан кейін 10 күн өткен соң құтқарушылар үйінді астында қалған екі адамды тірі тапты. Олардың бірі – шамамен 60 жастағы әйел, екіншісі – Қытай азаматы, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әйел Катманду маңындағы Нувакот ауданында қираған үйдің астынан табылған. Құтқарушылар оны үйіндіден шығарып, тікұшақпен ауруханаға жеткізді.

Ал Қытай азаматы Upper Trishuli су электр станциясының тоннельдер жүйесінен табылды. Оны іздеуге непалдық әскери қызметкерлер мен Оңтүстік Кореядан келген құтқарушылар қатысқан.

Мамандар зардап шеккен адамға жету үшін тоннель ішіне шамамен 225 метр кірген. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін тікұшақпен қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Бұған дейін дәл осы су электр станциясының тоннелінен тағы екі непалдық жұмысшы тірі құтқарылған еді. Осылайша, соңғы екі күн ішінде үйінділер мен тоннельдерден барлығы төрт адам аман табылды.

Билік өзге тоннельдерде де тірі қалған адамдар болуы мүмкін деген үмітін үзбей отыр. Қазір 12 гидроэнергетикалық нысанда жұмыс істеген шамамен 900 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Олардың 500-ге жуығы жер астында қалуы мүмкін.

Су тасқыны 26 тамызда Непал мен оған іргелес Тибет аумағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, табиғи апатқа мұздықтың опырылуы себеп болуы ықтимал.

Соңғы дерек бойынша, Непалда 1344 адамның қаза тапқаны расталған, тағы шамамен 4900 адам хабар-ошарсыз кеткен. Ал Тибетте 31 адам қаза болып, 531 адам жоғалғаны хабарланды.