Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлем тәртібі өзгереді. Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 қазаннан бастап пилоттық режимде енгізіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді-, деп Arasha.kz тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қолданыстағы тәртіп бойынша жұмысынан айырылған азаматтарға төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай тағайындалады. Қазір оны алты айға дейін алуға болады. Ал 1 қазаннан бастап төлемнің ең ұзақ мерзімі үш айға дейін қысқарады.
Төлем көлемі азаматтың соңғы 24 айдағы орташа табысы мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты есептеледі. Қазіргі кезде оның мөлшері әлеуметтік аударымдар жасалған орташа айлық табыстың 45 пайызына тең.
Жаңа ереже бойынша төлемнің ең жоғары мөлшері жеті ең төменгі жалақы көлемінің 45 пайызынан аспайды.
Әлеуметтік төлем алу құқығы бұрынғыдай азамат жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап пайда болады. Ол үшін алдымен жұмыс іздеуші ретінде есепке тұру қажет. Ұсынылған үш жұмыс орнын ешқандай негізсіз үш рет қабылдамаған жағдайда азамат жұмыссыз мәртебесінен айырылады. Соған сәйкес әлеуметтік төлем де тоқтатылады.
Жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем мерзімін қысқарту туралы ұсыныс биыл сәуір айында айтылған еді. Еңбек министрінің мәліметінше, мұндай өзгеріс әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу жағдайларын анықтауға байланысты енгізіліп отыр.
Атап айтқанда, кей азаматтардың жұмыстан ресми түрде шығып, іс жүзінде еңбек қызметін жалғастыра отырып, әлеуметтік төлем алатыны анықталған.