Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Сүлейменов доллар бағамына қатысты болжамын айтты

Сүлейменов доллар бағамына қатысты болжамын айтты
Canva

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің нығаюына әсер етіп отырған факторларды атап, алдағы уақытта валюта бағамына қатысты күтулерін айтты, деп Arasha.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Оның сөзінше, қазір ұлттық валютаның нығаюына сыртқы нарықтағы қолайлы жағдай ықпал етіп отыр. Мұнай бағасы барреліне шамамен 100 доллар деңгейінде сақталуда. Бұған Иран мен Парсы шығанағындағы геосаяси ахуалдың шиеленісуі де әсер етіп отыр.

Сүлейменовтің айтуынша, мұнай бағасының жоғары болуы Қазақстанға түсетін экспорттық валюталық түсімді арттырады. Бұл қаражаттың ішкі нарыққа келуі доллар ұсынысын көбейтіп, оның теңгеге шаққандағы бағасының төмендеуіне ықпал етеді. Ұлттық валютаға металлургия саласындағы компаниялардың экспорттық түсімі де қолдау көрсетіп отыр. Қара және түсті металдар нарығындағы бағалардың қолайлы болуы осы саладағы экспорт көлеміне оң әсер етуде.

Теңгені қолдайтын тағы бір фактор – шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына қызығушылығының артуы.

Ұлттық банк басшысының мәліметінше, қазір мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының шамамен 7–7,5 пайызы бейрезидент инвесторларға тиесілі. Сүлейменов нарықтағы өзгерістерге қандай да бір жасырын операциялар әсер етіп отырғанын жоққа шығарды.

Ол сыртқы нарықтағы жағдай айтарлықтай өзгермеген жағдайда, теңге бағамында күтпеген ауытқулар болмайтынын айтты.

Бұған дейін күндізгі сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы 454,46 теңге болған. Бұл алдыңғы көрсеткіштен 0,19 теңгеге жоғары. Ұлттық банктің 8 қыркүйекке белгілеген ресми бағамы 1 доллар үшін 454,31 теңгені құрады.