Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Қазақстанда өкпе обырын анықтау үшін жасанды интеллект қолдану ұсынылды

Қазақстанда өкпе обырын анықтау үшін жасанды интеллект қолдану ұсынылды
ЖИ арқылы жасалған

Құрылтай депутаты Сергей Пономарев Қазақстанда өкпе обырын ерте анықтауға арналған отандық жасанды интеллект жүйесін іске қосуды ұсынды, деп Arasha.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Депутат тиісті сауалды Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.

Сергей Пономаревтің айтуынша, Қазақстанда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші бойынша өкпе обыры бірінші орында тұр. Жыл сайын бұл диагноз үш мыңнан астам адамға қойылады. Депутат өкпе обырын ерте анықтауға арналған скринингтің тиімділігін зерттеулер арқылы дәлелденгенін атап өтті. Оның сөзінше, АҚШ-та жүргізілген скрининг өлім-жітімді 20%-ға, ал Италияда 39%-ға төмендеткен.

Пономарев жоғары сатыдағы өкпе обырын емдеуге мемлекеттен бір науқасқа шамамен 60 млн теңге жұмсалатынын айтты. Алайда депутаттың пікірінше, мәселенің басты мәні қаржыда емес, азаматтардың денсаулығында.

Ұсыныс жоғары қауіп тобындағы азаматтарды төмен дозалы компьютерлік томография арқылы тексеруге арналған өкпе обырының ұлттық скринингін енгізуді көздейді. Депутаттың айтуынша, Қазақстанда мұндай скринингке қажетті технологиялық шешім қазірдің өзінде бар. 2023 жылы Дүниежүзілік банк гранты есебінен өкпе обырын ерте анықтауға арналған жасанды интеллект жүйесі әзірленіп, ол 200 медициналық ұйымның ақпараттық жүйесіне техникалық тұрғыда біріктірілген. Алайда жоба кейіннен одан әрі дамытылмаған.

Осыған байланысты Сергей Пономарев төмен дозалы компьютерлік томография арқылы өкпе обырын скринингтен өткізу жобасының не себепті кешіктірілгенін анықтап, қолданыстағы технологияларға тәуелсіз бағалау жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ депутат жобаны іске қосу мерзімі мен шарттарын айқындауды сұрады. Егер тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталса, жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарау ұсынылды.

Бұған дейін Қазақстанда скрининг жүргізудің жаңа қағидалары енгізілген еді. Өзгерістердің бірі - өкпе обырын ерте анықтауға арналған скринингті енгізу.