Шымкентте 65 жастағы тұрғын көршісімен болған жанжалдан кейін қаза тапты. Қайғылы жағдай Хамза көшесінде тіркелген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Марқұмның туыстарының айтуынша, жанжалға 39 жастағы көршісі себеп болған. Оқиға кезінде 65 жастағы ер адам соққы алып, арыққа құлап түскен. Жақындары оның жұлыны үзілгенін айтып отыр.
Қайғылы жағдайды марқұмның 5 жастағы немересі де көрген. Туыстары үшін бұл оқиғаның ауырлығы — екі отбасының шамамен 20 жыл бойы тату көрші болып тұрғанында. Қариядың көз алдында өсіп, азамат болған адамның қолынан қаза табуы отбасы мүшелеріне ауыр тиген.
Жанжалдың бір бөлігі маңайдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрларда ер адамның қарсы алдындағы адамнан шегініп бара жатқаны, кейін ауыр соққыдан арыққа құлағаны байқалады. Ол қайта тұра алмаған.
Туыстарының айтуынша, күдікті оқиға орнынан кетер кезде кондиционерін де өзімен бірге алып кеткен.