Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 12-16 қыркүйек аралығында Үндістан мен Корея Республикасына сапармен барады, деп хабарлайды Arasha.kz.
12-13 қыркүйек күндері Мемлекет басшысы Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен БРИКС-тің XVIII саммитіне қатысу үшін Нью-Делиге жұмыс сапарымен барады.
Саммит аясында Қасым-Жомарт Тоқаев "Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту" тақырыбына арналған "аутрич"/"БРИКС+" форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйлейді.
Сондай-ақ сапар барысында Президенттің Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен келіссөз жүргізуі және бірқатар мемлекет пен үкімет басшыларымен кездесуі жоспарланған.
Ал 14-16 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының президенті Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапармен барады.
15 қыркүйекте Сеулде жоғары деңгейдегі келіссөздер өтеді. Кездесу барысында Қазақстан мен Корея арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту перспективалары талқыланады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Кореяның ірі компанияларының басшыларымен кездеседі.
16 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев "Орталық Азия – Корея Республикасы" бірінші саммитіне қатысады.
Алдағы сапарлар барысында саяси диалогты нығайту, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және инвестициялық байланыстарды дамыту мәселелеріне басымдық беріледі.