Ресейде 15 жастағы мектеп оқушысы Сайкал Вазирова Санкт-Петербургтегі жанармай құю бекетін өртегені үшін жеті жылға тәрбиелеу колониясына сотталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
"Медиазона" мәліметінше, үкімді Бірінші Батыс округтік әскери соты 19 тамызда шығарған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2026 жылғы 23 ақпанда жасөспірім Санкт-Петербургтің Приморский ауданындағы "Татнефть" жанармай бекетінің отын тарату бағанасына тез тұтанатын сұйықтық құйып, өрт қойған.
Екі күннен кейін ол терроризмге қатысты іс бойынша қамауға алынған. Кейін оған елеулі мүліктік залал келтірген террорлық әрекет жасады деген айып тағылған.
Ресей Тергеу комитетінің дерегінше, қызды қылмыс жасауға телефон арқылы байланысқан белгісіз адамдар итермелеуі мүмкін.
"Ротонда" басылымы анонимді қолданушылар Сайкал Вазировамен Telegram-дағы танысу боттары арқылы байланысқанын жазады. Олар жасөспірімнің геолокациясын анықтап, әскери нысандар туралы ақпарат беруді ұсынған. Қыз бұған келіспегеннен кейін оны дрондар арқылы қорқытқаны айтылады.
Вазирова хат алмасудың скриншоттарын жасап, "Қауіпсіз интернет лигасының" жетекшісі Екатерина Мизулинаға жолдағанымен, жауап болмаған.
Кейін оған өздерін "ФСБ қызметкерлеріміз" деп таныстырған адамдар хабарласып, мемлекетке опасыздық жасады деген іс қозғалғанын айтып, жанармай бекетін өртеуге көндірген. Олардың сөзінше, аталған нысанға "тыңшылар келген".
Жасөспірім өрт қойғаннан кейін шамамен бір сағаттан соң ұсталған.
"Медиазона" дерегіне сәйкес, Сайкал Вазированың ата-анасы Қырғызстаннан шыққан. Қыз отбасына қаржылай көмектесу үшін құрылыста жұмыс істеген.
Басылым Ресейде телефон алаяқтарының ықпалымен жасалған жүздеген өрт қою дерегі тіркелгенін жазады. Мұндай жағдайларда алаяқтардың құрбаны болған адамдардың өздері кейін терроризмге қатысты істер бойынша айыпталып жатқаны айтылады.