Әлеуметтік желіде Нұргүл Хасанова ақынның айтыс кезінде айтқан сөзінен үзінді жариялап, оның әрекетін сынға алды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Мынау не масқара, не көргенсіздік! Күні кеше Шайыр ауылының 100 жылдығында болған жағдай. WhatsApp арқылы келіп жатыр. “Аяғы лас төрді былғайды, аузы лас елді былғайды” деген, аузына келгенін көкіп отырған мынаны желкелеп сахнадан қуып шығатын бір намысты адам болмағаны ма сол жерде?! Жүз жерден “жұлдыз”, мың жерден “дүлдүл” болса да! Мынау не басыну, не тайраңдау?! Айтыстың әдебі, сахна мәдениеті қайда?! Айтысты ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы не қарап отыр?! Елді сыйламау, жерді қорлау, тұтас халықты адам құрлы көрмей, ар-намысын таптау ғой бұл!» – деп жазды ол.
Оның жазбасынан кейін желі қолданушылары да ақынның сөзін сынға алып, пікір білдірді.
Ал Айтыс Одағының төрағасы Амандол Әлтай бұл шараның одақтың ресми жоспарында болмағанын айтты. Оның сөзінше, Шайыр ауылындағы айтыс жергілікті азаматтардың ұйымдастыруымен өткен.
«Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен, сол өңірдің азаматтарының ұйымдастыруымен өткен. Біздің қатысымыз жоқ. Өзім ұйымдастырған, қадағалаған айтыстарда сахна мәдениетінің сақталуына, ақындардың әдебіне ерекше мән беремін», – деді Амандол Әлтай.
Ол сондай-ақ Мақсат Ахановқа қатысты шешім қабылданғанын мәлімдеді.
«Мақсат Ахановты алдағы жарты жылда айтыстарға қатыстырмау жөнінде шешім қабылданды», – деді Айтыс Одағының төрағасы.