Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Ташкентте 11 қазақстандық жас футболшы ауруханаға түсті: Бір бала жансақтау бөлімінде жатыр

Ташкентте 11 қазақстандық жас футболшы ауруханаға түсті: Бір бала жансақтау бөлімінде жатыр
Фото-коллаж: Stan.kz

Өзбекстан астанасы Ташкентте футбол жарысына қатысуға барған қарағандылық 11 баланың денсаулығы күрт нашарлаған. Ата-аналардың айтуынша, жас спортшылар қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін ауырып қалған. Балалардың біреуі жансақтау бөліміне түскені хабарланды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Stan.kz басылымының жазуынша, оқиға Ташкентте өтіп жатқан Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестивалі кезінде болған.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Қарағандыдан барған жас футболшылардың дене қызуы көтеріліп, іштері ауырып, құса бастаған. Кейін олардың жағдайы нашарлап, медициналық көмекке жүгінуге тура келген.

Ата-аналар балалардың таңғы астан уланғанына күдіктенеді

Зардап шеккен балалардың ата-аналары жағдайдың қонақүйдегі таңғы астан кейін басталғанын айтады.

Олардың сөзінше, таңғы ас кезінде жұмыртқа жемеген сегіз футболшы ауырмаған. Осыған байланысты ата-аналар балалардың денсаулығының нашарлауына тағамнан улану себеп болуы мүмкін деп болжап отыр.

Алайда дәрігерлердің зертханалық талдау нәтижелері әзірге дайын емес. Сондықтан балалардың нақты неден ауырғаны ресми түрде анықталған жоқ.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, жарысты ұйымдастырушылардан түсініктеме талап етуде.

"Бір бала жансақтау бөлімінде жатыр"

Оқиға туралы ақпарат таратып жүрген блогер Денис Денскидің мәліметінше, зардап шеккен балалардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр.

Ол науқастардың басқа медициналық мекемеге ауыстырылғанын хабарлады.

"Өткен түні зардап шеккен балаларды Ташкенттегі басқа ауруханаға ауыстырған. Ата-аналардың айтуынша, жаңа медициналық мекемеде емделуге қолайлы жағдай жасалған. Қазір науқас балалардың іші қатты өтіп жатыр. Дәрігерлер антибиотикпен емдеуді бастаған. Алайда зертханалық талдау нәтижелері әзірге дайын емес", – деп жазды блогер.

Оның айтуынша, балалардың біреуі алдыңғы күннен бері жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Балаларды Қазақстанға қайтару мәселесі қарастырылып жатыр

Денис Денски жағдайы тұрақты балалар мен оларды ертіп барған ересектерді ұшақпен Астанаға жеткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Ал денсаулығына байланысты ұшақпен ұша алмайтын балалар мен ересектер жағдайы жақсарғанша Ташкентте қалуы мүмкін.

Әзірге олардың Қазақстанға нақты қашан оралатыны белгісіз.

Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады

Оқиғаға байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де түсініктеме берді.

Ведомство Ташкенттегі халықаралық футбол фестиваліне қатысқан қазақстандықтардың денсаулығы нашарлағанынан хабардар екенін растады.

"Сыртқы істер министрлігі Ташкент қаласында өтіп жатқан Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол фестивалінің бірқатар қатысушыларының денсаулық жағдайының кенеттен нашарлауы туралы оқиғадан хабардар. Көмекке мұқтаж барлық Қазақстан азаматтары Өзбекстан Республикасының мамандандырылған медициналық мекемелеріне жатқызылды. Оларға қажетті дәрігерлік көмек көрсетілуде", – делінген министрлік жауабында.

Сондай-ақ қазақстандық дипломаттар балалардың туыстарымен және олар ем қабылдап жатқан медициналық мекемелермен байланыс орнатқан.

Сыртқы істер министрлігі жағдай тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.