Маңғыстау облысында Ақтау – Бейнеу республикалық маңызы бар автожолында екі Toyota Camry көлігі соқтығысып, төрт адам қаза тапты. Тағы төрт адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп Arasha.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық Полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, жол апаты 16 қыркүйек күні шамамен сағат 20:30-да болған.
Жетібай ауылынан Шетпе бағытына қарай келе жатқан Toyota Camry жүргізушісі жол үстінде тұрған түйені қағып кеткен. Соққыдан кейін көлік қарсы бағыттағы жолаққа шығып, екінші Toyota Camry-мен соқтығысқан.
Апат салдарынан төрт адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы төрт адам медициналық мекемеге жеткізілді.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша іс қозғалған. Көліктер арнайы тұраққа қойылып, қажетті сараптамалар тағайындалды.
Полиция жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын, соның ішінде жолға шыққан түйенің иесін анықтап жатыр.