Стамбұл соты Өзбекстанның екі азамын екі отандасын өлтірді деп танып, әрқайсысын өмір бойына бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Uzdaily.uz жазуынша, сот 31 жастағы Дилшод Турдимуратов пен 29 жастағы Гафуржон Камолходжаевты Дурдона Хакимова мен Сайера Эргашалиеваны аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпты деп тапты.
Бұдан бөлек, сотталушылардың әрқайсысына ұрлық жасағаны үшін екі рет жеті жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қылмыс қалай ашылды?
Оқиға 2026 жылдың басында болған. 24 қаңтарда Стамбұлдағы қоқыс контейнерлерінің бірінен әйел адамның денесі табылған.
Полиция күдіктілерді анықтап, олар Түркиядан кетпек болған сәтте Стамбұл әуежайында ұстаған.
Кейін тергеу барысында сол пәтерде бұған дейін тағы бір Өзбекстан азаматының қаза тапқаны белгілі болды. Тергеу дерегінше, оның денесі де бөлшектеліп, қалдықтары қоқыс контейнеріне тасталған.
Сотталушылар не деді?
Сот барысында айыпталушылардың ұстанымы әртүрлі болған. Гафуржон Камолходжаев Сайера Эргашалиеваны жалғыз өзі өлтіргенін айтып, бұл эпизод бойынша Дилшод Турдимуратовтың кінәсі жоқ екенін мәлімдеген.
Ал Турдимуратов соңғы сөзінде жасаған ісіне ақтау жоқ екенін айтып, өкініш білдірген. Сондай-ақ өзін ең қатаң жазаға лайық санайтынын жеткізген. Сот қорытындысында екі азаматқа да өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.