Пәкістанның солтүстік-батысындағы Хайбер-Пахтунхва провинциясында жұма намазы кезінде мешіт маңында жарылыс болды. Салдарынан кемінде 16 адам қаза тауып, 50-ден астам адам жарақат алды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жергілікті полиция мәліметінше, оқиға Кохат ауданындағы полиция басқармасы аумағының кіреберісінде орналасқан мешіттің маңында болған.
Хайбер-Пахтунхва провинциясы полициясының басшысы Зульфикар Хамидтің айтуынша, жарылғыш зат тиелген көлік мешіт жанында жарылған. Артынша қарулы адамдар мен қауіпсіздік күштері арасында атыс басталған.
Қақтығыс кезінде кешен аумағында екінші жарылыс болғаны хабарланды.
Полицияның мәліметінше, атыс барысында алты содырдың көзі жойылған. Олардың арасында мерген мен жанкешті болғаны айтылады.
Шабуыл салдарынан кемінде 16 адам, соның ішінде бес полиция қызметкері қаза тапқан. 50-ден астам адам әртүрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Қуатты жарылыстан мешіт маңында үлкен шұңқыр пайда болып, ғимараттың сыртқы бөлігіне айтарлықтай зақым келген. Қабырғалардың бірі де құлаған.
Кохат аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Тахир Али Шахтың айтуынша, қазір 50-ден астам зардап шегуші медициналық көмек алып жатыр.