Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Денсаулық

108 келі салмақ тастаған бойжеткен ауыр дертке шалдығып, сал болып қалды

108 келі салмақ тастаған бойжеткен ауыр дертке шалдығып, сал болып қалды
Надин Хэтчетт. Фото: The Sun. Коллаж: Stan.kz

Ұлыбритания тұрғыны Надин Хэтчетт артық салмақтан арылу үшін асқазанын кішірейту операциясын жасатқаннан кейін денсаулығында ауыр асқынулар пайда болғанын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

The Sun басылымының жазуынша, қазір 29 жастағы Надин бұл шешімді 18 жасында қабылдаған. Оның сөзінше, дәрігерлер сол кезде салмағын азайтпаса, денсаулығына елеулі қауіп төнуі мүмкін екенін ескерткен.

2015 жылдың желтоқсанында оған жеті сағатқа созылған операция жасалған. Кейін бойжеткен 108 келі салмақ тастаған. Алайда көп ұзамай оның жағдайы күрт нашарлай бастаған.

Надиннің іші ауырып, жиі құсқан, тамақ пен су іше алмай қалған. Кейін көру қабілеті төмендеп, аяқтарының сезімталдығы жоғала бастаған.

Алғашында дәрігерлер бұл белгілерді операциядан кейінгі асқынулармен байланыстырған. Кейін тексеру нәтижесінде оған Вернике энцефалопатиясы диагнозы қойылған. Бұл жағдай В1 дәруменінің тапшылығынан туындап, ми мен жүйке жүйесіне зақым келтіруі мүмкін.

Бойжеткен жеті ай бойы ауруханада ем қабылдағанымен, денсаулығы толық қалпына келмеген. Оның айтуынша, арада 11 жыл өткен соң да қайта жүруді үйреніп жүр.

Надин әлі күнге дейін көру қабілетінің нашарлығы, созылмалы жүрек айнуы, шаршау және ауырсыну сияқты мәселелермен күресіп жүргенін айтты.

Оның сөзінше, денсаулықтағы өзгерістер жеке өміріне де әсер еткен. Қазір ол операцияға келіскеніне өкінетінін және болашақта отбасын құрып, балалы болу мүмкіндігіне алаңдайтынын жеткізді.