Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаға қатысты бірқатар өзгерісті көздейтін Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Exclusive.kz мәліметінше, 2026 жылғы 17 қыркүйекте қол қойылған №1464 Жарлықпен Жоғары аудиторлық палата төрағасының материалдық-тұрмыстық, медициналық және көлікпен қамтамасыз етілу деңгейі министр мәртебесінен Премьер-министрдің орынбасары деңгейіне көтерілген. Ал палата мүшелерінің мәртебесі вице-министр деңгейінде өзгеріссіз қалды.
Қазіргі уақытта Жоғары аудиторлық палатаны бұрынғы Премьер-министр Әлихан Смайылов басқарады. Ол бұл қызметті 2024 жылғы сәуірден бері атқарып келеді.
Жарлыққа сәйкес, палата мемлекеттік органдардың, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің даму жоспарлары мен бюджеттік бағдарламалардағы көрсеткіштерге қол жеткізу тиімділігін бағалау қағидаларын әзірлейді. Бұл норма 2026 жылғы 21 қазаннан бастап күшіне енеді.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата төрағасының "Зерттеу, талдау және тиімділікті бағалау орталығы" ЖШС қызметіне тікелей бақылауы бекітілді.
Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссияның құрамына да өзгеріс енгізілген. Президент Әкімшілігінің өкілінің орнына Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров кірді.
Құжаттағы мемлекеттік органдардың тиімділігін бағалау қағидаларына қатысты нормадан басқа өзгерістер 17 қыркүйектен бастап күшіне енген.