Танымал актер Әбілмансұр Серіковтің бұрынғы әйелі Фариза Бекібай әлеуметтік желідегі парақшасында балаларын қаржылай қамтамасыз ету мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның сөзінше, экс-күйеуінен алиментті тұрақты түрде алу қиын. Кейде бірнеше ай бойы төлем жасалмайтынын айтқан ол, балаларының күнделікті шығыны мен қажеттіліктерінің басым бөлігі өз мойнында екенін жеткізді.
«Алимент алу – қиынның қиыны. Бірде бар, бірде жоқ. Міне, төрт айдан бері алмадық. Өзі аудармаса, біз де сұрамаймыз. Балалардың емі, дәрі-дәрмегі, сабаққа киетін киімі – барлығы менің мойнымда. Балам мың теңге сұраса да, “жоқ” дейді. Намыстанып, менен сұрама деп ұрысамын. Кейде менен тығылып сұрайды. Телефонынан көріп қоямын. Екеуі де өзіммен еріп келген балалар секілді», – деп жазды Фариза Бекібай.
Ол балалардың әкесінен тек алимент емес, күнделікті тұрмысқа қажетті дүниелер мен ем-домына да қолдау көрсетілуі маңызды екенін атап өтті.
«Балаларды асырау оның да міндеті ғой. Мың теңге беріп, бір қалам алып бере алмайтын әкенің барынан жоғы деп ойлаймын. Басқа уақытта керемет киініп жүргенше, алиментін төлеп, балаларына киім-кешек алып, еміне дәрі-дәрмек пен тамағын әперсе ғой. Балаларды бір рет те қыдыртқан емес. Үлкенін тек осы жазда ғана алып кетті. Қалған уақытта біз қол жаймаймыз. Күніміз соған қарап қалмасын. Алла әділ», – деді ол.
