Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің атауын неге өзі ұсынғанын түсіндірді

Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің атауын неге өзі ұсынғанын түсіндірді
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында жаңа институттың атауы қалай таңдалғанын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысының сөзінше, елдегі өзекті мәселелерді ашық талқылап, азаматтардың ұсыныстарын саралап, нақты шешімдер ұсынатын арнайы институт құру туралы ой бұрыннан болған.

"Оның құрылымы, атқаратын жұмысы жөнінде ұзақ ойландым. Кеңестің атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзім ұсындым", – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, "Қазақстан Халық Кеңесі" атауы жаңа органның жалпыұлттық сипатын білдіреді.

Президент Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі халық екенін атап өтті. Сондықтан қоғамның мүддесін білдіретін жаңа институттың атауында "Халық" сөзінің болуы заңды деп санайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы "Қазақстан Халық Кеңесі" атауы Конституцияда бекітілген бірыңғай ресми атау екенін де айтты. Оның пікірінше, бұл атау органның жоғары мәртебесі мен жауапкершілігін айқындайды.

Сондай-ақ Президент бұған дейін елдік мәселелерді талқылауға Қазақстан халқы Ассамблеясы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық құрылтай және басқа да консультативтік-кеңесші органдар елеулі үлес қосқанын еске салды.

"Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Қазақстанды бейбітшіліктің, өзара сенім мен келісімнің ошағы ретінде жер жүзіне танытуға ықпал етті. Қоғамдық сенім кеңесі сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениетті орнықтыруға атсалысты. Ал Ұлттық құрылтайдың мүшелері осы жалпыұлттық диалогті одан әрі тереңдете түсті", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай аясында көптеген практикалық бастама көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, соның нәтижесінде 26 заң қабылданған, тағы 10 заң жобасы Құрылтайда қаралады.

Сөз соңында Президент мемлекеттік маңызы бар бастамаларға белсенді араласқан азаматтарға алғыс білдірді.