Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін көтерді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, жергілікті өкілді органдардың басым бөлігі бұған дейін "Amanat" партиясының атынан сайланған. Партияның "Әділет" партиясына қосылуына байланысты мәслихаттардың қазіргі құрамына қатысты жаңа мәселе туындап отыр.
Президент бұл мәселені Премьер-Министрмен және Құрылтай төрағасымен кеңескеннен кейін шешетінін мәлімдеді. Қолданыстағы Конституция да мәслихаттардың өкілеттігін дәл осындай консультациялардан кейін мерзімінен бұрын тоқтатуға мүмкіндік береді.
"Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек. Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді", – деді Президент.
Егер тиісті Жарлық қабылданса, мәслихаттардың жаңа құрамын қалыптастыру үшін кезектен тыс сайлау өткізу мәселесі күн тәртібіне шығады.
Конституцияға сәйкес, мәслихаттар жергілікті халықтың мүддесін білдіретін өкілді органдар болып саналады және жалпыға бірдей, тең әрі төте сайлау негізінде бес жыл мерзімге сайланады.