Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметші қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік наградалармен марапатталды. Президент Жарлығымен взвод командирі Олжас Мұхтарұлы Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденіне, тағы 13 әскери қызметші Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденіне ие болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Осыған байланысты Facebook қолданушысы Сәбит Рысбаев өз парақшасында пікір білдірді.
Ол мемлекеттік награданы қаза тапқан әскери қызметшілердің ерлігіне көрсетілген құрмет ретінде бағалай отырып, марапаттың ар жағында жақынынан айырылған отбасылар тұрғанын жазған.
«Кез келген марапаттың ар жағында орны толмайтын қаза, баласын жоғалтқан ата-ана, жарынан немесе әкесінен айырылған отбасы тұр», – деп жазды ол.
Сәбит Рысбаевтың пікірінше, бұл жағдай тек қаза тапқандарды марапаттаумен шектелмеуі керек. Оның жазуынша, қайғылы оқиғаның себептері анықталып, оған жол берген жағдайлар мен жауапкершілік мәселесі де ашық қаралуы қажет.
«Қаза болған азаматтардың ерлігін бағалау — бір мәселе, ал мұндай қайғылы жағдайдың неге болғанын анықтап, оған жол берген себептер мен жауапкершілікті ашық көрсету — екінші мәселе», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру үшін комиссия құруды тапсырған болатын. Комиссия әскери құрылымдардың, оның ішінде қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету саласының жағдайын тексеруге тиіс.
Маңғыстаудағы қайғылы оқиға кезінде 17 әскери қызметші ашық теңізге кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.