Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның экономикалық қауымдастықтары мен қаржы институттарының басшыларымен кездесу барысында Қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құру бастамасын ұсынды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа платформа Германия мен Еуропадан тартылатын капиталды Қазақстан тарапынан қоса қаржыландыру, кепілдік беру және тәуекелдерді бөлісу тетіктерімен ұштастыруға мүмкіндік береді.
"Мұндай платформа Еуропаның және Германияның капиталын Қазақстан тарапының қоса қаржыландыру, кепілдік беру және бірге тәуекел ету тетіктерімен ұштастырар еді. Ал "Бәйтерек" холдингі мақсатты жобаларды құрылымдау жағын қамтамасыз етеді. Біз елімізде жұмыс істеп жатқан халықаралық қаржы ұйымдарының қатарында экспортты кредиттеумен және инвестицияны сақтандырумен шұғылданатын германиялық институттар да болғанын қалаймыз. Бұл ретте Қазақстанда қызметін бастаған Euler Hermes компаниясымен ынтымақтастыққа айрықша маңыз артамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент кездесу барысында аса маңызды материалдар саласындағы ынтымақтастыққа да назар аударды. Қазақстан Германияның Шикізатпен қамтамасыз ету қорымен байланыс орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
Сонымен қатар Германия өнеркәсібіне қажетті шикізат жеткізуге мүмкіндік беретін және UFK кепілдігінің талаптарына сәйкес келетін жобаларды ілгерілету мәселесі қозғалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика мен өнеркәсіпті жаңғыртуға, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері мен «жасыл» сутегі жобаларын дамытуға да тоқталды.
Мемлекет басшысының пікірінше, Еуропа инвестициялық банкі мен Қазақстан даму банкі Германия капиталының қатысуымен аталған бағыттарда өзара тиімді жобаларды жүзеге асыра алады.