Астанада бұрынғы күйеуі пышақтап өлтірген әйелдің арыздарын қабылдамаған төрт полиция қызметкері қамауға алынды. Оларға қатысты салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Марқұм әйел бұған дейін полицияға бірнеше рет жүгінген.
2025 жылғы 5 маусымда ер адамға әйелге жақындауға және оны мазалауға тыйым салынған.
2026 жылғы 18 тамызда оған қатысты қорғау нұсқамасы қайта шығарылған. Сол кезде ер адам әйелге жеңіл дене жарақатын салды деген күдікке ілініп, қылмыстық іс қозғалған.
21 тамызда прокуратураның тапсырмасымен ер адамға қатысты зорлау фактісі бойынша бөлек қылмыстық іс тіркелген.
7 және 9 қыркүйекте ол бұрынғы әйелінің үйіне барып, оны пышақпен қорқытқан.
22–23 қыркүйекте «зорлау» бабы бойынша қылмыстық іс тоқтатылған. Ал прокуратура ер адамның әйелге келтірген жарақатын «жеңіл зиян келтіру» емес, «қинау» ретінде қайта саралауды талап еткен. Алайда күдікті қамауға алынбай, бостандықта жүрген.
23 қыркүйекте ер адам бұрынғы әйелін аңдып барып, автотұрақта оған пышақпен шабуыл жасаған. Әйелге 13 рет пышақ сұғылып, ол қаза тапқан.
Осы оқиғадан кейін әйелдің арыздарын тиісті түрде қарамаған төрт полиция қызметкері ұсталып, қамауға алынған. Қазір олардың әрекетіне қатысты тергеу жүріп жатыр.