Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

«Қазір басты мәселе – билік институттарының жауапкершілігін күшейту» – саясаттанушы

«Қазір басты мәселе – билік институттарының жауапкершілігін күшейту» – саясаттанушы
Жеке архив

Қазақстанның саяси жүйесі жаңа кезеңге қадам басты. Конституциялық өзгерістерден кейін Президент, Үкімет және Құрылтайдың өзара байланысы жаңаша қалыптасып, мемлекеттік институттардың алдына жаңа міндеттер қойылды. Саясаттанушы Елдос Жұмағұловтың пікірінше, ендігі кезеңде реформаның нәтижесін қабылданған шешімдермен ғана емес, сол шешімдердің жергілікті жерде қаншалықты тиімді орындалатынымен бағалау маңызды.

«Меніңше, қазір басты мәселе – билік институттарының жауапкершілігін күшейту.

Өйткені саяси жүйенің негізгі құрылымы өзгерді. Енді «өкілеттік жетпейді», «механизм жоқ» деген уәждер бұрынғыдай өте бермейді. Келесі сұрақ – сол мүмкіндіктерді мемлекеттік органдар қаншалықты дұрыс пайдаланады?

Мысалы, Астанада жақсы шешім қабылдануы мүмкін. Бірақ ол өңірге, ауылға жеткенше мазмұнын жоғалтып алса, қарапайым адам үшін реформаның мәні жоқ. Су мәселесі бес жыл шешілмесе, мектеп жетпесе немесе кәсіпкер өз мәселесін шешу үшін бірнеше мекемені араласа, азамат оны «саяси реформа» деп қабылдамайды. Ол мемлекеттің жұмыс сапасы деп қабылдайды», – дейді саясаттанушы.

Осы тұрғыдан алғанда, конституциялық өзгерістердің күнделікті өмірдегі әсері мемлекеттік басқарудың нақты нәтижесі арқылы көрінуі тиіс. Яғни азамат үшін реформаның мәні жаңа институттардың пайда болуымен ғана емес, оның нақты мәселесінің қаншалықты тез және әділ шешілетінімен өлшенеді.

Сарапшының айтуынша, бұл жағдай ішкі саясаттағы басымдықтарды да қайта қарауды талап етеді. Мемлекеттік аппараттың шешімдерді орындау қабілеті, басқарудың сапасы мен әділдік мәселелері саяси тұрақтылықпен қатар маңызды өлшемге айналып келеді.

«Сондықтан ішкі саясаттағы негізгі өлшем біртіндеп өзгеріп келеді деп ойлаймын. Бұрын саяси тұрақтылық бірінші орында тұрса, қазір оған басқарудың сапасы, әділдік және мемлекеттің нәтиже шығара алу қабілеті қосылды.

Президент үшін ең қиын миссияның бірі де осы: орталықта қабылданған шешімді бүкіл мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмыс нормасына айналдыру», – деп атап өтті Елдос Тәңірбергенұлы.

Конституциялық реформадан кейін жаңарған саяси жүйеде жаңа институттардың жұмысына жаңа талаптар қойылып отыр. Саясаттанушының айтуынша, бұл ретте Құрылтай құрамына кәсіби білімі мен нақты саладағы тәжірибесі бар адамдардың келуі маңызды. Оның пікірінше, саяси жүйенің жаңаруы тек адамдардың жасымен өлшенбеуі керек.

«Қазір Құрылтайда тек жақсы сөйлейтін саясаткерлер емес, нақты саланы білетін адамдар қажет. Су мәселесі талқыланса, су шаруашылығын білетін маман керек. Цифрландыру туралы сөз болса, технологияны түсінетін адам қажет. Ауыл шаруашылығы мәселесінде осы саланың ішінде жүрген мамандардың пікірі маңызды.

Сондықтан саясатқа жаңа адамдардың келуі деген тек жастың ауысуы емес. Саясатқа жаңа білім, жаңа тәжірибе, жаңа көзқарас келуі керек.

Бұл жерде жаңа буын үшін мүмкіндік көп. Қазір саясаткер немесе депутат болу үшін міндетті түрде 20-30 жыл қызметтік баспалдақпен көтеріліп жүру шарт емес. Жас азамат өзін медиа, кәсіби орта немесе қоғамдық жобалар арқылы инженер, кәсіпкер, ғалым, сарапшы ретінде таныта алады. Егер оның білімі, беделі және нақты идеясы болса, сол тәжірибесін саясатқа алып келуге мүмкіндігі бар. Қазіргі Құрылтайға келген жас буынға қоғам бір жағынан сын көзбен, екінші жағынан үлкен үмітпен қарайды», – дейді Елдос Жұмағұлов.

Сарапшының бұл пікірі Құрылтайдың алдында тұрған тағы бір маңызды міндетке – кәсіби сараптаманы нақты қоғамдық сұраныспен ұштастыруға назар аударады. Өйткені жалпыұлттық деңгейдегі институттың тиімділігі оның күн тәртібіне халықтың күнделікті мәселелерін қаншалықты енгізе алуымен де байланысты.

«Құрылтай жалпыұлттық деңгейде жұмыс істегенімен, оның күн тәртібі тек ірі ұлттық мәселелермен шектелмеуі керек. Өңірлердегі жол, су, мектеп, жұмыс сияқты күнделікті мәселелер де назардан тыс қалмауы тиіс.

Сондықтан мен Құрылтайдың маңызды міндеттерінің бірі саясаттың кәсіби деңгейін көтеру және сонымен бірге халықтан алыстамау деп түсінемін», – деп атап өтті саясаттанушы.

Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтайдың жұмысы кәсіби мамандардың тәжірибесін саяси күн тәртібіне енгізумен қатар, өңірлердегі нақты мәселелерді республикалық деңгейде көтеруге мүмкіндік беруі тиіс. Бұл ретте жаңа буын өкілдерінің кәсіби білімі мен қоғамдық тәжірибесі халықтың күнделікті сұраныстарымен ұштасқанда ғана саяси жаңарудың практикалық мәні арта түседі.