Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Президенттің цифрландыру бағыты: Қазақстанның ЖИ экожүйесі жаңа кезеңде

Президенттің цифрландыру бағыты: Қазақстанның ЖИ экожүйесі жаңа кезеңде

Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту мен цифрландырудың жаңа кезеңі құқықтық негізді қалыптастырумен қатар, технологиялық инфрақұрылым мен адам капиталын жүйелі дамытуға бағытталып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласында азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ететін тиімді құқықтық тетіктер қалыптастырудың маңызын атап өтті. Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекстің қабылдануы осы бағыттағы маңызды қадам болды.

ЖИ экожүйесін құруда заманауи деректер орталықтары мен жоғары есептеу қуатымен қатар, оны тиімді пайдаланатын ғалымдар, инженерлер және кәсіпкерлердің әлеуетін арттыруға басымдық берілуде. Осы бағытта Qazaq AI Research University, Alem.ai орталығы, суперкомпьютерлік инфрақұрылым және «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» секілді жобалар өзара сабақтасып, Қазақстанның технологиялық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастырып, өндіріс пен экономиканың нақты сұранысына жауап беретін білікті мамандар даярлаудың маңызын атап отыр.

Осы үдерістердің Қазақстанның технологиялық дамуына әсері, халықаралық технологиялық компаниялармен ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері, отандық IT-сектордың әлеуеті және адам капиталының рөлі туралы Жасанды интеллект және цифрландыру департаментінің директоры Ділдебай Балғын айтып берді.

— Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылдыЦифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы Қазақстанныңтехнологиялық дамуына қандай серпінберді? 

— Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауы нарыққа, инвесторларға және мемлекеттік аппаратқа берілген маңызды стратегиялық сигнал болды. Бұл шешім Қазақстанның дайын технологияларды тұтынушы елден цифрлық өнімдер мен жасанды интеллект шешімдерін әзірлейтін мемлекетке айналу бағытын айқындады.

Интероперабельділік, деректерді жүйелеу және ортақ цифрлық архитектура қалыптастыру арқылы шашыраңқы жобаларды біртұтас жүйеге біріктіруге мүмкіндік туады. Мұндай экожүйе мемлекеттік деректерді ЖИ модельдерін дамытуға қажетті маңызды ресурсқа айналдырып, мемлекеттік қызметтерден бастап өндіріс, көлік, энергетика және басқа да салаларға дейін ақылды шешімдерді кеңінен енгізуге жол ашады.

Бұл бағыт Мемлекет басшысының ЖИ-ге қатысты халықаралық көзқарасымен де сабақтас. Тоқаев жасанды интеллектіні тек технологиялық немесе экономикалық мүмкіндік ретінде емес, халықаралық деңгейде ортақ қағидалар мен жауапты басқару тетіктерін қажет ететін жаңа сала ретінде қарастырады. Сондықтан ол жетекші әлемдік технологиялық компаниялардың жасанды интеллектіні басқару бағытындағы ынтымақтастық туралы келісімін қолдап, мұндай бастаманы болашақ халықаралық пактінің негізіне айналуы мүмкін модель ретінде бағалайды.

Мұндағы негізгі идея – ЖИ дамуын тежемей, оның мүмкіндіктерін адамзат игілігіне бағыттайтын ортақ қағидаларды қалыптастыру. Президенттің пайымынша, мамандардың жан-жақты талқылауынан өткен осындай келісімдер кейін халықаралық деңгейдегі ортақ ережелер жүйесінің өзегіне айнала алады. Яғни технологиялық прогресс пен оны жауапты басқару қатар жүруі тиіс.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның ішкі цифрлық экожүйесін қалыптастыруы мен ЖИ-ді халықаралық деңгейде басқаруға қатысты бастамаларды қолдауы бір логикалық бағыттың екі қыры ретінде көрінеді. Бір жағынан, ел ішінде деректерді, технологияларды, мемлекеттік жүйелер мен бизнес шешімдерін біртұтас экожүйеге біріктіру көзделсе, екінші жағынан, әлемдік деңгейде жасанды интеллектіні дамыту мен қолданудың ортақ қағидаларын қалыптастыруға мән беріліп отыр.

Бұл тәсіл Қазақстанның ЖИ саласындағы ұстанымын тек технологияны енгізумен шектемей, оның болашақ архитектурасын қалыптастыру үдерісіне де қатысуға бағыттайды. 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау осы ұзақ мерзімді бағыттың ішкі деңгейдегі нақты көрінісіне айналып отыр.

— Президенттің тапсырмасымен қолғаалынған «Деректерді өңдеуорталықтарының алқабы» жобасынҚазақстанның IT-инфрақұрылымы үшінқандай стратегиялық мүмкіндік депбағалауға болады? 

— «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» (Data Center Valley) жобасы Қазақстанның жаңа цифрлық инфрақұрылымын қалыптастырудағы стратегиялық бағыттардың біріне айналып отыр. Қазіргі цифрлық экономикада деректердің өзімен қатар, оларды үлкен көлемде сақтап, өңдеп, талдайтын есептеу қуатының маңызы артып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның мақсаты тек транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін пайдаланумен шектелмей, деректерді сақтау және өңдеу орталығына айналу мүмкіндігін кеңейту болып отыр.

Data Center Valley осы мақсатқа қажетті инфрақұрылымдық негіз қалыптастыра алады. Ірі деректер орталықтарының дамуы жасанды интеллект модельдерін оқытуға, цифрлық сервистерді жетілдіруге және жоғары есептеу қуатын қажет ететін технологиялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы IT экожүйенің дамуына, жаңа инвестициялардың тартылуына және цифрлық экономикадағы жаңа бағыттардың қалыптасуына ықпал етеді.

Қазақстанға NVIDIA, Firebird, G42 секілді әлемдік технологиялық компаниялардың қызығушылық танытуы елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға қажетті әлеуеттің бар екенін көрсетеді. Бұған еліміздің энергетикалық ресурстары, деректер орталықтарының тиімді жұмыс істеуіне қолайлы климаттық жағдайы және Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық орналасуы әсер етеді. Сонымен қатар Қазақстанның тұрақты инвестициялық ортасы мен цифрлық саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат халықаралық технологиялық серіктестер үшін маңызды фактор болып отыр.

Бұл үдерістің тағы бір маңызды қыры – жасанды интеллектіні дамыту мен оны басқаруға қатысты халықаралық ынтымақтастық. Мемлекет басшысы жетекші әлемдік технологиялық компаниялар арасында жасанды интеллектіні басқару жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімнің жасалуын қолдады. Президенттің пайымынша, мұндай келісімдер мамандардың жан-жақты талқылауынан кейін болашақ халықаралық пактінің моделіне, яғни жасанды интеллектіні дамыту мен қолданудың ортақ қағидаларын қалыптастыратын негізге айналуы мүмкін.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан үшін Data Center Valley тек жаңа дата-орталықтарды орналастыру жобасы емес. Бұл елдің есептеу қуатын арттырып, жасанды интеллект пен жоғары технологиялар үшін қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді қадам. Ал халықаралық технологиялық компаниялармен ынтымақтастық Қазақстанның осы экожүйені қалыптастыруға және ЖИ саласындағы жаһандық үдерістерге белсенді қатысуға ұмтылысын көрсетеді.

Нәтижесінде Қазақстанның транзиттік әлеуеті біртіндеп жаңа цифрлық мүмкіндіктермен толықтырылып, елді деректерді сақтау, өңдеу және жоғары технологиялық шешімдерді дамытуға арналған өңірлік орталықтардың біріне айналдыруға негіз қаланады.

— Президенттің NVIDIA сияқты әлемдіктехнологиялық компаниялармен тікелейдиалог жүргізуін Қазақстанның жасандыинтеллект саласындағы халықаралықпозициясын нығайту тұрғысынан қалайбағалайсыз? 

— Мемлекет басшысының әлемдік технологиялық компаниялардың жетекшілерімен, соның ішінде NVIDIA басшылығымен тікелей диалог орнатуы Қазақстанның цифрлық күн тәртібіне жоғары деңгейде мән берілетінін көрсетеді. Мұндай байланыстар ірі технологиялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын институционалдық мәселелерді жедел шешуге және халықаралық компаниялармен өзара іс-қимылды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Жаһандық корпорациялар үшін ел басшылығының цифрлық технологияларды дамытуға қатысты нақты ұстанымы мен қолдауы да маңызды факторлардың бірі.

Бұл өз кезегінде отандық IT-мамандар мен стартаптар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Ең алдымен, жоғары есептеу қуатына қолжетімділік артады. Бұған дейін қымбат әрі шектеулі ресурс болған GPU кластерлері мен суперкомпьютерлік инфрақұрылымның қолжетімді болуы жасанды интеллект негізіндегі отандық жобаларды әзірлеуге және сынақтан өткізуге жол ашады.

Сонымен қатар әлемдік технологиялық компаниялардың экожүйесіне қосылу технология трансферіне мүмкіндік береді. Қазақстандық мамандар заманауи архитектуралық шешімдермен, бұлтты технологиялармен және API құралдарымен жұмыс істеу тәжірибесін меңгеріп, халықаралық технологиялық стандарттарға жақындай түседі.

Нарыққа ірі технологиялық компаниялардың келуі венчурлік инвестициялар үшін де жаңа орта қалыптастырады. NVIDIA, G42 секілді компаниялардың қатысуы Қазақстанның технологиялық нарығына халықаралық инвесторлар мен венчурлік қорлардың қызығушылығын арттыруға ықпал етуі мүмкін. Осылайша, Президенттің халықаралық технологиялық компаниялармен тікелей диалогы инфрақұрылым, технологиялық тәжірибе және инвестиция бағыттарын қамтитын тұтас экожүйенің қалыптасуына негіз болады.

— Қазақстанда суперкомпьютерлердің іскеқосылуы, Alem.ai орталығының жұмысы және Qazaq AI Research University секілдіжобалардың дамуы елдің өз технологиялықкадрларын қалыптастыруына қаншалықтыықпал етеді? 

— Қанша жерден заманауи суперкомпьютерлер мен қуатты цифрлық инфрақұрылым құрылғанымен, оны тиімді пайдаланатын мамандар болмаса, технологиялық әлеует толық жүзеге аспайды. Жоғары есептеу қуатын басқаратын, алгоритмдер әзірлейтін, нейрондық желілерді оқытатын инженерлер мен зерттеушілер – жасанды интеллект экожүйесінің негізгі қозғаушы күші.

Осы тұрғыдан алғанда, Alem.ai орталығы мен Qazaq AI Research University-дің іске қосылуы Қазақстанның адам капиталын дамытуға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылады. Бұл бастамалар жасанды интеллект саласында білім беруді, зерттеуді және практикалық әзірлемелерді бір ортаға тоғыстырып, елдің технологиялық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының адам капиталына басымдық беруінің мәні де осында. Қазақстанға дайын технологиялар мен өнімдерді сырттан сатып алатын мамандармен қатар, елдің нақты қажеттіліктеріне бейімделген өз шешімдерін әзірлейтін инженерлер мен ғалымдар қажет. Әсіресе қазақ тіліндегі тілдік модельдер (LLM), ұлттық деректермен жұмыс істейтін алгоритмдер және жергілікті ерекшеліктерді ескеретін ЖИ өнімдерін дамыту бұл бағыттағы маңызды міндеттердің бірі.

Мұндай орта отандық ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (R&D) дамытуға, жас мамандардың халықаралық технологиялық тәжірибеге қол жеткізуіне және жаңа стартаптардың қалыптасуына жағдай жасайды. Сонымен бірге білікті кадрларды ел ішінде ұстап қалумен қатар, Орталық Азиядағы талантты мамандар үшін Қазақстанды білім, зерттеу және технологиялық кәсіпкерлік орталығына айналдыруға мүмкіндік береді.

Сондықтан Alem.ai мен Qazaq AI Research University-дің дамуы тек білім беру инфрақұрылымын кеңейту емес, Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы ұзақ мерзімді адам капиталының негізін қалыптастырумен байланысты. Инфрақұрылым, технология және маман бір экожүйеде тоғысқанда ғана елдің ЖИ саласындағы әлеуеті нақты өнімдер мен зерттеулерге айнала алады.

— Бүгінде Президенттің цифрландыруғақатысты бастамалары нақты экономикалықнәтижеге айнала бастады деуге бола ма? Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, отандық IT-компанияларды қолдау және халықаралық инвесторларды тартубағыттарын бір арнаға тоғыстыруҚазақстанды өңірлік технологиялық хабқа айналдыру мақсатына қалай әсер етеді?

— Бүгінде цифрландырудың экономикалық нәтижелері нақты көрініс тауып отыр. IT-қызметтер экспортының жарты миллиард доллардан асуы, банк секторындағы FinTech бағыттарының қарқынды дамуы және e-Gov жүйесі арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерістерінің оңтайландырылуы – цифрлық трансформацияның экономикаға әсерінің нақты мысалдары. Мемлекет басшысы атап өткендей, өткен жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асып, отандық цифрлық шешімдер әлемнің 100-ден астам елінде қолданылды. Бұл көрсеткіштер қазақстандық IT-сектордың халықаралық нарықтағы ауқымын көрсетеді. 

Бұл нәтижелер цифрландырудың тек технологиялық жаңғыру емес, экономикалық өсімге ықпал ететін маңызды факторға айналғанын көрсетеді. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, отандық IT-бизнесті қолдау және жаһандық технологиялық инвесторларды тарту бағыттарының бір арнаға тоғысуы Қазақстанның өңірдегі цифрлық әлеуетін күшейте түседі.

Осы үш бағыт жүйелі түрде дамыған жағдайда, Қазақстан Орталық Азиямен қатар, Түркі әлемі мен ТМД кеңістігіндегі технологиялық хабтардың біріне айнала алады. Ел шетелдік технологиялық компаниялар үшін өңірлік операцияларын дамытуға қолайлы алаң, ал отандық IT-компаниялар үшін халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін платформа ретінде қалыптасып келеді.

Ұзақ мерзімді перспективада бұл үдеріс экономиканың құрылымын әртараптандыруға және жоғары қосылған құны бар салалардың үлесін арттыруға ықпал етеді. Яғни цифрландыру, адам капиталы, IT-кәсіпкерлік және халықаралық инвестициялар өзара байланысқан жағдайда, Қазақстанның шикізаттық модельден білім мен технологияға негізделген экономикаға кезең-кезеңімен өтуіне берік негіз қалыптасады.

Бөлісу