Ресейдің Бас прокуратурасы қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа және Freedom Holding-пен байланысты бірқатар компанияға қарсы Мәскеудің Тверь аудандық сотына талап арыз түсірді. Бұл туралы Forbes Kazakhstan жазды.
Сот картотекасындағы мәліметке сәйкес, әкімшілік талапкер ретінде Ресей Федерациясы Бас прокурорының орынбасары көрсетілген. Ал жауапкерлер қатарында W-Empirical Holding Corp., Freedom Holding Corp., Freedom Finance Europe Ltd., Тимур Турлов және А.С. Щукин бар. Іс әкімшілік және өзге де жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар санатына енгізілген.
Әзірге Ресей Бас прокуратурасының нақты қандай талап қойғаны жарияланған жоқ.
Іс бойынша алдын ала тыңдау 15 қазанға белгіленген.
Freedom Holding не деді?
Ақпарат жарияланғаннан кейін Freedom Holding Corp. баспасөз қызметі талап арызды зерттеп жатқанын мәлімдеді.
«Бас прокуратура холдингке және бірқатар басқа компанияға азаматтық талап арыз берді. Біз әзірге бұл талаптың мәні мен оның дұрыстығына қатысты түсінбей отырмыз. Бұл мәселені зерттейміз. Холдинг қызметіне айтарлықтай қауіп көріп отырған жоқпыз. Ресейде біздің активтеріміз жоқ, холдингтің өзі РФ аумағында қызмет жүргізбейді», – деп хабарлады компания.
Freedom Holding өкілдерінің талап арыздың мәнін әзірге түсінбейтіні және Ресейде активтері жоқ екенін айтқаны өзге қазақстандық және ресейлік басылымдарда да келтірілген.
Тимур Турлов Ресейдегі бизнестен қашан шықты?
Тимур Турлов 2010-жылдары Ресейде банк, брокерлік және инвестициялық бизнесті дамытқан.
2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Freedom Holding ресейлік активтерін халықаралық бизнестен бөлу туралы шешім қабылдады.
Сол жылы Турлов Қазақстан азаматтығын алуға өтініш беріп, кейін Ресей азаматтығынан бас тартты. Ал Freedom Holding ресейлік бизнестен шығу процесін кейін аяқтады. Кейін Ресей Орталық банкі ресейлік активтерді сату мәмілесін мақұлдаған.
Қазір сотқа берілген талаптың осы бұрынғы ресейлік активтерге қатысы бар-жоғы белгісіз. Бұл жөнінде ресми түсініктеме жарияланған жоқ.