Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың ұлы Нұрлан Асқарбеков Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген жаңа IT-компанияны басқаратын болды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ашық деректерге сәйкес, Pivot Limited компаниясы 2026 жылғы 2 қазанда тіркелген. Нұрлан Асқарбеков компанияның директоры және бас атқарушы директоры қызметін атқарады.
Компания ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Оның қызмет бағыттарына бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және тестілеу, жасанды интеллект пен робототехникаға негізделген шешімдер жасау, бизнес-процестерді автоматтандыру, ақпараттық жүйелерді интеграциялау, ғылыми-зерттеу жұмыстары және техникалық қолдау кіреді.
АХҚО тізіліміндегі дерек бойынша, Pivot Limited-тің акционері – Circle Limited. Компанияның жарғылық капиталы 100 жай акциядан тұрады, әр акцияның номиналды құны 1 АҚШ долларына тең.
Бұған дейін жарияланған мәліметтерде Нұрлан Асқарбековтің Sonder Holdings, Sonder Limited және General Creativity Enterprise Limited секілді компаниялармен, сондай-ақ Steppe Coffee жобасымен байланысты болғаны айтылған.
Pivot Limited жақында ғана тіркелгендіктен, әзірге оның жүзеге асырған жобалары мен клиенттері туралы ашық деректер аз.