Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Алматы көшелерінің атауына қатысты дау тудырған блогер жазаланды

Алматы көшелерінің атауына қатысты дау тудырған блогер жазаланды
Фото: әлеуметтік желі

Алматыда әлеуметтік желідегі жазбасы үшін Mini Knopka лақап атымен танылған блогер Айгерім Бердалиева әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 60 550 теңге айыппұл салды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға блогердің Threads әлеуметтік желісінде Алматы көшелерінің атауына қатысты пікір жариялауынан басталған. Айгерім Бердалиева қаладағы бірқатар көшені қазіргі емес, кеңестік кезеңдегі атауымен атайтын тұрғындарды “нағыз алматылықтар” деп сипаттаған.

Атап айтқанда, ол “Ленина”, “Фурманова”, “Дзержинского”, “Мира” және “Комсомольская” атауларын мысалға келтірген. Алайда жазбасында бейәдеп сөздер қолдануы желі қолданушыларының наразылығын туғызған.

Жарияланым әлеуметтік желіде қызу талқыланып, блогерге қатысты сын көбейген. Кейін Айгерім Бердалиева өз жазбасы үшін көпшіліктен кешірім сұраған.

Осы жағдайдан соң PR-маман Айбар Олжаев құқық қорғау органдарына арыз түсіргенін мәлімдеді. Нәтижесінде іс сотта қаралып, блогер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ұсақ бұзақылыққа қатысты нормасы бойынша кінәлі деп танылды.

Сот шешімімен оған 60 550 теңге көлемінде айыппұл тағайындалды.

Айта кетейік, блогердің жауапқа тартылуына көшелердің бұрынғы атауларын қолдануы емес, әлеуметтік желідегі жазбасында балағат сөздер пайдалануы себеп болған.