Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Қазақ музыкасының көрнекті өкілі Бақир Баяхунов өмірден өтті

Қазақ музыкасының көрнекті өкілі Бақир Баяхунов өмірден өтті
Бақир Баяхунов. Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанның халық әртісі, композитор әрі профессор Бақир Баяхунов дүниеден өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қаралы хабарды Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі таратты. Ведомство марқұмның отбасы мен жақындарына, әріптестері мен шәкірттеріне көңіл айтты.

Бақир Баяхунов қазақ музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан композиторлардың бірі болды. Ол өз шығармаларында ұлттық әуендерді, Шығыс халықтарының музыкалық дәстүрін және еуропалық академиялық мектептің ерекшеліктерін ұштастыра білді.

"Қазақтың музыкалық мұрасын, Шығыс халықтарының әуен-сазын еуропалық академиялық музыка дәстүрімен шебер ұштастырған туындылары еліміздің рухани қазынасын байытты", – делінген министрлік хабарламасында.

Өнер иесі ұзақ жылдар бойы ұстаздықпен де айналысқан. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында 40 жылдан астам еңбек етіп, көптеген кәсіби музыканттың қалыптасуына ықпал етті.

Министрлік Бақир Баяхуновтың шәкірт тәрбиелеудегі еңбегіне де ерекше тоқталды.

"Ол шәкірттеріне білім беріп қана қоймай, өнердің қадір-қасиетін ұғындырып, шығармашылық жолда бағыт-бағдар көрсетті", – делінген көңіл айтуда.

Мәдениет және ақпарат министрлігі композитордың шығармашылық мұрасы мен ұстаздық өнегесі қазақ өнері тарихында сақталатынын атап өтті.

Бақир Баяхуновтың еңбектері ұлттық музыка мәдениетінің дамуына қосылған маңызды үлес ретінде бағаланады.