Ақтөбе облысында 51 жастағы шетел азаматы пойыздағы стоп-кранды абайсызда іске қосып, теміржол қозғалысына кедергі келтірді. Соның салдарынан жолаушылар пойызы жоспардан тыс тоқтауға мәжбүр болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға Қандыағаш – Жем теміржол аралығында болған. Полицияның мәліметінше, көрші елдің азаматы пойыздағы шұғыл тежеу құрылғысын абайсызда іске қосқан. Нәтижесінде пойыз қозғалысын тоқтатып, белгіленген кестеден тыс 19 минут аялдаған.
Оқиғадан кейін Қандыағаш станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері ер адамды анықтап, пойызды негізсіз тоқтатқаны үшін заңда көзделген жауапкершілікке тартты.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері пойыздардың шұғыл тежелуіне байланысты 1 383 оқиға тіркелген. Оның 15-і стоп-кранды заңсыз немесе негізсіз пайдаланудың салдарынан болған.
Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттер пойыздардың қозғалыс кестесін бұзып қана қоймай, жолаушылар мен пойыз қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін ескертті.