Ақтөбе облысында жол апатынан анасынан айырылған 21 жастағы жігіт көз жұмды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы оқиға 23 қарашада Қандыағаш – Шалқар тасжолында, Жұрын ауылының маңында болған. Renault автокөлігі жолдан шығып, аударылған. Көлікті басқарған әйел оқиға орнында қайтыс болған. Полиция жол апатына қатысты тергеу бастады.
Марқұм Назгүл Қантөренова Мұғалжар аудандық ауруханасында құлақ, мұрын және тамақ ауруларының дәрігері болып еңбек еткен. Ол 9 қарашадан бастап еңбек демалысында болған.
Көп ұзамай дәрігердің 21 жастағы ұлы Расул Бақтыбайдың да қайтыс болғаны белгілі болды. Жас жігіт жол апаты кезінде көлікте болмаған.
Полиция мәліметінше, жігіт өзіне қол жұмсаған. Оның бұл әрекетке бару себептері туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.