Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз мемлекеттер достастығының құрылуы посткеңестік кеңістікте ауқымды қақтығыстардың алдын алуға мүмкіндік бергенін айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мемлекет басшысы бұл туралы ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынды ұйымдастырғаны үшін Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовке алғыс айтып, Қазақстан Түрікменстанның ТМД-ға төрағалығының нәтижелерін жоғары бағалайтынын жеткізді.
"Қазақстан Түрікменстанның ұйымға төрағалық жасаған кезеңінің нәтижелерін және ТМД-ның ортақ күн тәртібін ілгерілетуге қосқан үлесін жоғары бағалайды. Осыған орай, құрметті әріптес, сіздің жоғары кәсіби деңгейдегі жұмысыңызға ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі саммит Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан ұйымның бастауында тұрды. 1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы шын мәнінде мемлекеттеріміздің тарихындағы бетбұрысты сәт болды. ТМД-ның құрылуы посткеңестік кеңістіктегі жаппай қақтығыстың алдын алды. ТМД-ның біріктіруші миссиясы елдеріміз тәуелсіздік алған кезеңде айқын көрінді десек, артық айтқанымыз емес. Одақ құрамындағы елдер ірге бөлген күрделі сәтте тарихи байланыстарымызды сақтап, мемлекетаралық ықпалдастықтың мүлдем жаңа форматын құрдық. Осы жылдарда Достастық ұйымы сенім мен ынтымақтастықты дәріптейтін тиімді көпжақты тетік ретінде бүкіл әлемге кеңінен танылды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.