18 қазанда Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райы күрт құбылады. Кей аймақтарда жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарда ауа температурасы 7 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жексенбі күні еліміздің батысында және оңтүстігінде шаңды дауыл күтіледі. Шығыс өңірлерде жауын-шашын болып, кейбір қалаларда тұман түседі.
Қай өңірлерде үсік жүреді?
Синоптиктер Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарында түнгі ауа температурасы −2…−7 градусқа дейін төмендейтінін ескертті.
Қызылорда облысында да түнде топырақ бетінде 1 градусқа дейін үсік болуы мүмкін. Ал күндіз шаңды дауыл соғады.
Қар жауып, көктайғақ болатын аймақтар
Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болжанып отыр.
Кейбір аудандарда көктайғақ болып, жол қозғалысына қолайсыз жағдай туындауы мүмкін. Желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Батыста шаңды дауыл мен күшті жел күтіледі
Атырау және Маңғыстау облыстарында күндіз шаңды дауыл тұрады. Желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге жетуі ықтимал.
Аталған өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысының кей аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Сонымен қатар шаңды дауыл соғуы мүмкін.
Астана мен басқа қалаларда тұман түседі
18 қазанда Астана, Көкшетау, Қарағанды және Петропавл қалаларында түнде және таңертең тұман күтіледі.
Тұман кезінде жолдағы көріну қашықтығы төмендеуі мүмкін. Сондықтан жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, арақашықтық сақтаған жөн.