Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Назарбаевтың немересінің сұхбаты YouTube-тен жоғалып кетті

Назарбаевтың немересінің сұхбаты YouTube-тен жоғалып кетті
Нұралы Әлиев. Фото: ttc.kz

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі, кәсіпкер Нұралы Әлиев марқұм жақындары, рухани ізденістері мен ерекше тәжірибелері туралы ашық әңгімеледі. Алайда оның екі сағатқа созылған сұхбаты көп ұзамай YouTube платформасында қолжетімсіз болып қалды.

Нұралы Әлиев қазақстандық кәсіпкер Әсел Машанованың подкастына қатысып, бұған дейін көпшілік алдында кеңінен қозғамаған тақырыптарға тоқталған. Ол өзінің діни ұстанымы, жеке өміріндегі өзгерістер және соңғы жылдары қызығушылық танытқан рухани тәжірибелері жөнінде баяндаған.

Сұхбат барысында кәсіпкер мұндай ізденіске бірден келмегенін, оған отбасындағы ауыр жағдайлар әсер еткенін жеткізді. Әсіресе марқұм інісі Айсұлтан Назарбаевтың өміріндегі қиындықтар оны түрлі емдеу тәсілдерін қарастыруға итермелеген.

Нұралы Әлиевтің айтуынша, Айсұлтан көзі тірісінде есірткіге тәуелділікпен күрескен. Ағасы оған көмектесудің жолын іздеп, дәстүрлі емес рухани тәжірибелер мен психоделикалық заттар туралы ақпарат жинай бастаған.

«Мен үшін бұл, сөзсіз, ізденіс болды. Ең алдымен, қазір арамызда жоқ інімді емдеудің жолын іздедім», – деген Нұралы Әлиев.

Еске салайық, Айсұлтан Назарбаев 2020 жылдың тамызында Лондонда 29 жасында қайтыс болды. Ұлыбританияда жүргізілген сараптама қорытындысында оның өлімі кокаиннен улану салдарынан жүректің тоқтауымен байланыстырылған.

Сұхбаттың ерекше назар аудартқан тұсы Нұралы Әлиевтің өмірден өткен туыстарымен кездескендей сезімде болғаны туралы әңгімесі еді.

Кәсіпкер Оңтүстік Америкадағы кейбір дәстүрлі рәсімдерде қолданылатын аяваска деп аталатын психобелсенді сусынға қатысты тәжірибесін баяндаған. Оның сөзінше, мұндай тәжірибеге қатыспас бұрын шамамен бес жыл бойы психоделикалық заттардың әсері туралы мәліметтерді зерттеген.

Сонымен қатар Нұралы Әлиев үш тәулік бойы толық қараңғылықта, сыртқы ортамен байланыссыз болғанын айтқан. Ол осы кезде ерекше сезімдерді бастан өткеріп, қайтыс болған жақындарының рухымен кездескендей әсер алғанын жеткізген.

«Мен өмірден өткен туыстарыммен кездестім. Олардың өздері екенін, олардың рухы екенін анық сезіндім», – деген кәсіпкер.

Дегенмен психобелсенді заттардың әсерінен немесе сыртқы тітіркендіргіштер шектелген жағдайда туындайтын ерекше сезімдерді марқұм адамдардың рухымен шынайы байланыс орнатудың дәлелі ретінде қарастыруға ғылыми негіз жоқ.

Нұралы Әлиев дәстүрлі емес тәжірибелерге қызығушылық танытқанымен, өзін мұсылман санайтынын да атап өткен. Оның айтуынша, ол мешітке барып, намаз оқиды.

Кәсіпкердің жеке өмірі мен рухани ізденістеріне арналған сұхбаты шамамен екі сағатқа созылған. Бейнежазба Әсел Машанованың YouTube арнасында жарияланғанымен, кейін қолжетімсіз болып қалған.

Алайда сұхбаттың нақты қандай себеппен жоғалғаны белгісіз. Оны арна иесі өз еркімен өшірді ме, әлде бейнежазба басқа себеппен алынып тасталды ма – бұл жөнінде ресми ақпарат жоқ.

Сұхбат авторы да, Нұралы Әлиев те аталған жағдайға қатысты көпшілікке түсініктеме бермеген.

Айта кетейік, Нұралы Әлиев – Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен немересі, Дариға Назарбаева мен марқұм Рахат Әлиевтің тұңғыш ұлы. Ол 1985 жылы дүниеге келген.

Кәсіпкер әр жылдары қаржы саласында қызмет атқарып, «Нұрбанк» жүйесінде басшылық лауазымдарда жұмыс істеген. 2014 жылдың желтоқсанында Астана қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Кейін мемлекеттік қызметтен кетіп, кәсіпкерлікке ден қойды.

Нұралы Әлиевтің есімі Forbes Kazakhstan жариялаған ауқатты қазақстандық кәсіпкерлер тізімінде де аталған.

Соңғы жылдары ол рухани даму, медитация және адамның ішкі жан дүниесіндегі өзгерістер туралы жиі пікір білдіріп жүр. Алайда оның көпшілік назарын аударған соңғы сұхбатының YouTube-тен неліктен жоғалғаны әлі күнг