Қостанайда полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған жеңіл көлік жүргізушісі жол апатына түсіп, оқиға орнында қаза тапты. Ол бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, жолаушылар автобусымен соқтығысқан. Апат кезінде автобуста 55 адам болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы оқиға 25 қазан күні кешкі уақытта Қостанай қаласындағы Назарбаев даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында болған.
Өңірлік «Наша газета» басылымының мәліметінше, Volkswagen Passat маркалы жеңіл автокөлік №10 бағытта қатынайтын жолаушылар автобусымен соқтығысқан.
Қостанай облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, сағат 21:10 шамасында жеңіл көлік жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзған. Тәртіп сақшылары оған тоқтау туралы талап қойғанымен, жүргізуші бағынбай, қозғалысын жалғастырған.
Оның артынан патрульдік полиция көлігі түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші полициядан қашуға әрекеттеніп, бағдаршамның тыйым салатын қызыл түсіне өтіп кеткен.
Осы сәтте қиылыста келе жатқан жолаушылар автобусымен соқтығысқан.
Қатты соққы салдарынан Volkswagen Passat жүргізушісі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Ал жеңіл көлікте болған жолаушы ауруханаға жеткізілді.
Апат кезінде №10 бағыттағы автобустың ішінде 55 жолаушы болғаны анықталды.
Қостанай облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының мәліметінше, оқиға орнында екі адамға медициналық көмек көрсетілген. Жалпы жол апаты салдарынан бес адам ауруханаға жатқызылды.
Әзірге олардың денсаулық жағдайы мен алған жарақаттарының ауырлығы туралы толық ақпарат жарияланған жоқ.
Қайғылы жағдайға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазіргі уақытта жүргізушінің полиция талабына бағынбау себептері мен жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Тергеу қорытындысы бойынша оқиғаға құқықтық баға беріледі.