Түркияның Ыстанбұл қаласында Қазақстанның 26 жастағы азаматшасы қайғылы жағдайда қаза тапты. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, бойжеткен көрші ғимараттың шатырына өтіп, бірнеше қабат биіктіктен құлаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы оқиға 25 қазан күні таңертең Ыстанбұлдың Шишли ауданында тіркелген. Түркиялық Haberler басылымының хабарлауынша, қазақстандық бойжеткен өзі тұрған көпқабатты үйдің алтыншы қабатындағы балконнан көршілес ғимараттың шатырына шыққан.
Алдын ала мәлімет бойынша, қыз шатырдың ортасына қарай жүріп, ашық кеңістікті жауып тұрған құрылымның үстіне аяқ басқан. Алайда жабын оның салмағына шыдас бермей, опырылып кеткен.
Салдарынан бойжеткен ғимараттың минус екінші қабаты деңгейіне дейін құлаған.
Оқиға туралы хабар түскен бойда аталған мекенжайға полиция қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем мамандары жеткен. Дәрігерлер қыздың ауыр жарақаттар салдарынан оқиға орнында көз жұмғанын анықтаған.
Марқұмның денесі тиісті сараптамалар жүргізу және өлімнің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама мекемесіне жіберілген.
Түркиялық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, қаза тапқан азаматша – 26 жастағы Айсұлу Бекмаханова. Ол биыл қыркүйек айында Түркияға барған.
Сондай-ақ жергілікті басылымдар бойжеткеннің Ыстанбұлға Ресей азаматшасымен бірге келгенін және кейін екеуінің бір пәтерде тұрғанын жазды.
Қазіргі уақытта қыздың қандай себеппен көрші ғимараттың шатырына шыққаны белгісіз. Бұл жайтқа қатысты түрлі болжам айтылғанымен, оқиғаның нақты мән-жайы ресми түрде анықталған жоқ.