Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Ыстанбұлда жұмбақ жағдайда көз жұмған қазақстандық қызға қатысты тың дерек шықты

Ыстанбұлда жұмбақ жағдайда көз жұмған қазақстандық қызға қатысты тың дерек шықты

Түркияның Ыстанбұл қаласында 26 жастағы қазақстандық қыз қайғылы жағдайда қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, бойжеткен алтыншы қабаттағы пәтердің балконынан көрші ғимараттың шатырына өтіп, биіктен құлаған. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sportinside.kz KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 25 қазан күні таңғы уақытта Ыстанбұлдың Шишли ауданында болған. Түркиялық Haberler басылымының мәліметінше, Қазақстанның 26 жастағы азаматы өзі тұрып жатқан ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтпек болған.

Алдын ала болжам бойынша, бойжеткен көршілес ғимараттың шатырына өткеннен кейін оның орта тұсына қарай жүрген. Сол жерде ол ашық кеңістіктің үстіне орнатылған жабынға аяқ басқан болуы мүмкін.

Алайда конструкция қыздың салмағын көтере алмай, ол ғимараттың минус екінші қабаты деңгейіне дейін құлаған.

Оқиға орнына шұғыл түрде полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жеткен. Дәрігерлер бойжеткенді тексергенімен, оның алған жарақаттарынан көз жұмғанын анықтады.

Марқұмның денесі өлімнің нақты себебін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама институтына жеткізілген.

Түркиялық ақпарат құралдарының мәліметінше, қаза тапқан бойжеткен – 26 жастағы Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханова. Ол биыл қыркүйек айында Түркияға келген.

Алдын ала ақпарат бойынша, қазақстандық қыз Ыстанбұлға Ресей азаматшасымен бірге барып, кейін екеуі бір пәтерде тұрған.

Әзірге бойжеткеннің неліктен көрші ғимараттың шатырына шыққаны белгісіз. Түркия полициясы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Бөлісу