Мысырдың Оңтүстік Синай аймағында жолаушылар автобусы жолдан шығып, аударылып кеткен. Салдарынан кемінде 22 адам көз жұмып, тағы 28 адам жарақат алған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қайғылы оқиға Дахаб пен Нувейба қалаларын байланыстыратын тасжолда болған. Қаза тапқандар арасында Мысыр және Иордания азаматтары бар.
Мысырдың Денсаулық сақтау министрлігі оқиға орнына 20 жедел жәрдем көлігін жіберген. Зардап шеккендер жақын маңдағы медициналық мекемелерге жеткізілген.
Иорданиялық Al-Mamlaka телеарнасының хабарлауынша, қаза тапқандардың 10-ы Иордания азаматтары болған. Алдын ала ақпарат бойынша, автобус Каирден Амманға бағыт алған.
Жергілікті БАҚ апатқа дөңгелектің жарылуы себеп болуы мүмкін екенін жазған. Алайда құзырлы органдар бұл болжамды ресми түрде растаған жоқ. Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.