Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Ірі энергетикалық жобалар кешікті: "Самұрық-Энерго" басшысы қызметінен босатылды

Ірі энергетикалық жобалар кешікті: "Самұрық-Энерго" басшысы қызметінен босатылды
Қайрат Мақсұтов. Фото: samruk-energy.kz

"Самұрық-Энерго" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов қызметінен босатылды. Бұған компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қарқынының төмендігі және жаңа энергетикалық нысандарды уақытылы іске қосуға бақылаудың жеткіліксіздігі себеп болған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Үкіметтің мәліметінше, тиісті шешім 28 қазанда қабылданған. Компания басшылығындағы кадрлық өзгеріске ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы негіз болған.

"Шешім компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларын іске асыру қарқынының қанағаттанарлықсыз болуына, сондай-ақ жаңа генерациялайтын қуаттарды салу және пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына бақылаудың жеткіліксіздігіне байланысты қабылданды", – делінген хабарламада.

Қайрат Мақсұтов "Самұрық-Энерго" компаниясын 2023 жылғы маусымнан бері басқарып келген.

Ол 1970 жылы дүниеге келген. 1991 жылы Қазтұтынуодағының Қарағанды кооператив институтын "экономист-ревизор" мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Қарағанды облыстық тұтынушылар одағында ревизор болып бастаған. Кейін банк саласында, Жәйрем-Атасу арнайы экономикалық аймағында және Қаражал қаласы әкімінің орынбасары қызметінде жұмыс істеген.

2004-2009 жылдары "Гефест" тау-кен холдингінде экономика және қаржы жөніндегі вице-президент қызметін атқарды.

Ал 2009 жылы "Самұрық-Энерго" компаниясына ауысып, басқарма төрағасының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары болды. Кейін энергетикалық компанияда бірқатар басшылық қызметтер атқарған.

Айта кетейік, биыл шілде айында Премьер-министр Олжас Бектенов энергетика саласындағы ірі жобалардың уақытылы аяқталуына қатысты жауапты тұлғаларға ескерту жасаған болатын.

Үкімет басшысы Энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазына" қорының басшылығына жаңа энергетикалық нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға берудің маңызын атап өткен. Атап айтқанда, Алматыдағы жылу электр орталықтарын жаңғырту және Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысын салу жобаларының жүзеге асырылу барысы қаралған. Сол кезде Олжас Бектенов Алматыдағы ЖЭО-3 құрылысының баяу жүріп жатқанын сынға алған еді.

Қазір энергетика саласында жаңа қуат көздерін іске қосу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тұрақты профицитіне қол жеткізу міндетін қойған болатын.

Ал Қайрат Мақсұтовтың орнына "Самұрық-Энерго" басқарма төрағасы болып кім тағайындалатыны туралы ақпарат әзірге жарияланған жоқ.