Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

«Ата-ана мұғалімге түнгі 2-де хабарласады»: Аймағамбетов мұғалімдердің мәселесін көтерді

«Ата-ана мұғалімге түнгі 2-де хабарласады»: Аймағамбетов мұғалімдердің мәселесін көтерді
Фото: әлеуметтік желі

Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің жұмысына кедергі келтіретін артық міндеттерді қысқартып, олардың құқығын қорғау қажеттігін айтты. Депутат ұстаздардың сабақ беруден бөлек, түрлі құжат толтыруға, ата-аналардың жеке деректерін жинауға және әлеуметтік желіге контент жариялауға мәжбүр болатынын сынға алды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Аймағамбетовтің айтуынша, соңғы жылдары педагогтердің мәртебесін көтеру бағытында бірқатар шара қабылданған. Алайда мұғалімдерге жүктелетін қосымша жұмыстар әлі де азаймай отыр.

Әсіресе, мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қажетті мәліметтерді жинау міндеті ұстаздар мен әлеуметтік педагогтердің мойнына артылып келеді. Депутат мұндай деректерді мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы алуға болатынын атап өтті.

«Әрине, ұстаздар сабақ бере ме, әлде ата-аналардың жеке деректерін аламын деп сөз ести ме? Сондықтан Құрылтай депутаттарының бастамасымен дайындалған заң жобасының ішінде бұл мәселе міндетті түрде қамтылады», – деді ол.

Депутат мұғалімдердің жұмыс уақытынан тыс кезде де ата-аналардың сұрақтарына жауап беруге мәжбүр болатынын айтты. Оның сөзінше, кейбір ата-аналар түн ортасында хабарласып, баласының бағасына қатысты түсініктеме талап етеді.

«Түнгі сағат екіде жазып, «неге менің балама баға қойған жоқсыз?» дейтін мәселе де бар. WhatsApp чаттың, әлеуметтік желіге Reels салу проблемасы бар. Осының барлығын шешу – өте маңызды бастама. Мұғалімдердің жұмысын жеңілдету, оларды қорғау және қолдау үшін қажет», – деді Аймағамбетов.