Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Экс-депутат Самат Нұртаза саясаттан кейінгі өмірі туралы айтты

Экс-депутат Самат Нұртаза саясаттан кейінгі өмірі туралы айтты
Самат Нұртаза. Фото: әлеуметтік желіден

Мәжілістің бұрынғы депутаты Самат Нұртаза 123 күннен бері жұмыссыз жүргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, депутаттық қызметтен кеткеннен кейін бұрын араласқан әріптестері мен шенеуніктердің көбі хабарласуды тоқтатқан. Экс-депутат бұл туралы Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Самат Нұртаза қызметтен кеткеннен кейін өмірінде болған өзгерістермен бөлісіп, лауазым мен адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы ойын ашық жеткізді. Оның сөзінше, бұрын телефонына тынымсыз қоңырау шалатын адамдар бүгінде мүлдем хабарласпайды.

Бұрынғы депутат соңғы төрт айға жуық уақыттың өзі үшін үлкен сабақ болғанын айтады.

"Жұмыссыз жатқаныма 123 күн болды. Бұрын батарейкасы тез отыратын смартфоным қазір тыныш, 2 күнге қуаттылығы жетіп жатыр. Һәм адами кейіп сақтап қалған 7-8 адамнан басқа ешкім хабарласпайды. Өзім звандасам, трубканы көтеретін әріптестер мен шенеуніктер телефон көтермейтін болды", – деп жазды ол.

Экс-депутат мұндай өзгеріске аса таңғалмағанын, бірақ бұрын сенім артқан кейбір адамдардың да теріс айналғаны көңіліне тигенін жасырмады.

Самат Нұртазаның айтуынша, депутат болып жүрген кезінде онымен жақын араласуға тырысқан жоғары лауазымды шенеуніктер қазір байланысқа шықпайды.

"Сэм, братан!", "В любое время, Сәке!", "Всегда на связи, Самат Русланович!" деп қорқорға шақыратын вице-министрлер ләм-мим ғайып болды", – деді ол.

Бұрынғы депутат мұндай жағдайдың тек өзінің ғана басынан өтпейтінін айтып, қызмет пен лауазымға байланысты қарым-қатынастардың қаншалықты өзгермелі болатынына тоқталды. Оның пікірінше, қазіргі Құрылтай депутаттары да қызметтен кеткеннен кейін осындай жағдайға тап болуы мүмкін.

Самат Нұртаза жұмыссыз өткізген 123 күн ішінде мемлекеттік қызметтің адам психологиясына әсері туралы ой түйгенін жеткізді. Ол лауазымның мәні тек жалақы, билік немесе қызметтік кабинетпен шектелмейді деп есептейді.

"Лауазым – көпшілік ойлайтын нақты бір ақша, билік, кабинет емес екен. "Лауазым" – "социумға керектігің", нақты өз шегелеген орның екен. Адам сол өз орнын жоғалтып алмау үшін психологиялық майданда күресетін сияқты", – деп жазды экс-депутат.

Оның пайымдауынша, мемлекеттік қызметте жүрген адамдар үшін қоғамға қажет екенін сезіну маңызды рөл атқарады. Сондықтан кейбір шенеуніктер қызметінен айырылмауға барынша тырысады деп санайды.