Бокстан әлемнің үш дүркін чемпионы Назым Қызайбай Таразда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының финалында жеңіліске ұшырады, деп хабарлайды Arasha.kz.
54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен алматылық боксшы шешуші жекпе-жекте Шымкент қаласының өкілі Элина Базаровамен кездесті. Тартысты өткен айқаста төрешілердің пікірі екіге бөлінді. Нәтижесінде 3:2 есебімен Элина Базарова жеңімпаз атанып, Қазақстан чемпионатының алтын медалін иеленді. Ал әлем чемпионаттарында үш мәрте топ жарған Назым Қызайбай ел біріншілігін күміс жүлдемен аяқтады.
Айта кетейік, Назым Қызайбай – Қазақстан әйелдер боксының ең титулды өкілдерінің бірі. Ол әлем чемпионаттарында үш рет жеңіске жетіп, 2024 жылы Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алған. Сондай-ақ бұған дейін Қазақстан біріншілігінде бірнеше мәрте топ жарған.
Тараздағы ел чемпионатында өзге салмақ дәрежелерінде де жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Атап айтқанда, алтын медаль иегерлері қатарында Гүлназ Борибаева (48 келі), Нұрзат Оңғаров (50 келі), Әділбек Қожахан мен Виктория Графеева (60 келі), Фарух Тоқтасынов пен Бақыт Сейдыш (70 келі), Санжар-Әли Бегалиев (80 келі), Надежда Рябец (80 келі) және Дәулет Төлемісов (90 келі) бар.
Ал күміс жүлдегерлер қатарынан Айгерім Сәттібаева (48 келі), Диас Берікбай (50 келі), Бибарыс Жексен мен Анар Тұрсынбек (60 келі), Елнұр Сүйінбай мен Аружан Жанабаева (70 келі), Өнер Сейілхан (80 келі), Айдана Убайдуллақызы (80 келі) және Сағындық Тоғамбай (90 келі) көрінді.