Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Сәуле Әбілдаханқызы әлеуметтік көмек жүйесін сынға алды

Сәуле Әбілдаханқызы әлеуметтік көмек жүйесін сынға алды
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Журналист Сәуле Әбілдаханқызы мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың нақты мұқтаж азаматтарға бағытталуы керектігін айтып, төлемдерді көбейту мәселені түбегейлі шешпейтінін жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның пікірінше, кейде мемлекет мұқтаждықтың себебін анықтаудың орнына, қосымша қаражат бөлумен шектеледі. Ал адамдардың тұрақты табыс табуына не кедергі болып отырғаны терең зерттеле бермейді.

“Бір өңірде атаулы әлеуметтік көмекті көбейтуді талап еткен әйелдерге қосымша қаражат бөле салады. Алайда мұқтаждықтың неліктен пайда болғаны, адамдардың тұрақты табыс табуына не кедергі екені терең зерттеле бермейді. Сөйтіп, бүгінгі мәселе уақытша шешіледі және ертең басқа жерде қайталанады”, – деп жазды журналист.

Сәуле Әбілдаханқызы әлеуметтік саясаттағы басты кемшіліктің бірі ретінде көмектің нақты мұқтаж отбасыларға дәл бағытталмауын атады. Оның сөзінше, кей жағдайда табысы төмен азаматтармен қатар, мемлекеттік қолдауға аса мұқтаж емес ауқатты адамдар да төлем алады.

Журналист мұндай тәсіл бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына кедергі келтіріп, адамның еңбек етуге және табысын арттыруға деген ынтасын әлсіретуі мүмкін деп есептейді.

“Меніңше, мұнда мәселе көмекті азайтуда емес, оны әділ әрі дәл бағытталуында”, – деді ол.

Осы орайда жазба авторы мұқтаж азаматтарды анықтау тетіктерін жетілдіруді ұсынды. Сондай-ақ уақытша төлеммен шектелмей, адамдарды жұмыспен қамтуға, кәсіптік оқытуға және тұрақты табыс табуына жағдай жасауға назар аудару қажет екенін айтты.

“Әлеуметтік саясат адамның мемлекетке тәуелділігін емес, өз бетінше өмір сүру мүмкіндігін арттыруға қызмет етуі тиіс”, – деп түйіндеді Сәуле Әбілдаханқызы.