Атырауда мемлекеттік мекемелердің бірінде жұмыс істеген әйел кәсіби біліктілігі жеткіліксіз деген себеппен қызметінен босатылған. Алайда сот жұмыс берушінің әрекетін заңсыз деп танып, қызметкерді бұрынғы жұмысына қайта орналастыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Атырау қалалық сотының мәліметінше, әйел мемлекеттік мекемеде концертмейстер, яғни музыкалық сүйемелдеуші қызметін атқарған.
2025 жылғы 28 тамызда өткен іріктеу барысында комиссия қызметкердің кәсіби қабілетіне қатысты сын айтқан. Атап айтқанда, оның дауысты дұрыс қоя алмайтыны және музыкалық білімі жеткіліксіз екені көрсетілген. Осы қорытындыға сүйенген жұмыс беруші әйелді атқаратын лауазымына сәйкес келмейді деп есептеп, онымен жасалған еңбек шартын тоқтатқан. Алайда қызметкер бұл шешіммен келіспей, өз құқығын сот арқылы қорғауға кіріскен. Ол жұмыстан шығару туралы бұйрықты заңсыз деп тануды, қызметіне қайта орналасуды және мәжбүрлі түрде жұмыссыз жүрген кезеңі үшін жалақысын өндіріп беруді талап еткен.
Істі қараған сот жұмыс берушінің еңбек заңнамасында белгіленген талаптарды сақтамағанын анықтады.
"Қызметкердің біліктілігі жеткіліксіз болғандықтан атқаратын лауазымына сәйкес келмейтіні аттестаттау нәтижесімен расталмаған. Жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптарын дұрыс қолданбаған. Сондықтан қызметкерді жұмыстан шығаруға заңда көзделген негіз тиісті дәлелдермен расталмаған", – делінген сот хабарламасында.
Соттың түсіндіруінше, Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкерді кәсіби біліктілігі жеткіліксіз деген негізбен жұмыстан босату үшін оның лауазымына сәйкес келмейтіні тиісті аттестаттау нәтижесімен дәлелденуі қажет. Ал аталған жағдайда жұмыс беруші қызметкердің біліктілігі жеткіліксіз екенін растайтын заңды негіз ұсына алмаған.
Нәтижесінде сот әйелдің талап арызын толық қанағаттандырды. Оны қызметінен босату туралы бұйрықтың күші жойылып, бұрынғы жұмыс орнына қайта орналастырылды.
Сонымен қатар жұмыс берушіге әйелдің мәжбүрлі түрде жұмыс істемеген уақыты үшін орташа жалақысын төлеу міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.