Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Вице-Президент: Жаңа қоғамдық этика қалыптастыру бірден нәтиже бермейді деп қол қусырып отыруға болмайды

Вице-Президент: Жаңа қоғамдық этика қалыптастыру бірден нәтиже бермейді деп қол қусырып отыруға болмайды

Вице-Президент Ерлан Қарин Алматыдағы Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған халықаралық симпозиумда сөйлеген сөзінде Әл-Фараби ілімі Қазақстанның қазіргі күн тәртібіндегі талаптармен де толық үндесетінін алға тартты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, Әл-Фараби бабамыз армандаған қайырымды қоғамның тірегі – ақыл-парасатқа сүйенетін, ізгілікке ұмтылатын азамат. 

– Яғни, ұлы ғұлама қоғамдық тәртіп пен адам мінезін бір-бірінен бөліп қарамайды. Бұл ой Қазақстанның қазіргі күн тәртібіндегі талаптармен де толық үндеседі. Бүгінде елімізде Президенттің тікелей бастамасымен жаңа қоғамдық этика қалыптастыру ісі қолға алынды. Бұл – кездейсоқ көтерілген тақырып емес. Әлемде технологиялық өзгерістер бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүріп жатыр. Жасанды интеллект пен цифрлық коммуникация еңбек ету тәсілін ғана емес, адамның ойлау, ақпарат қабылдау, байланыс орнату үлгісін де өзгертуде. Жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа сын-қатерлер де пайда болуда. Осындай жағдайда қоғамды тек технологиялық тұрғыдан жаңарту жеткіліксіз, – деді Ерлан Қарин. 

Вице-Президент технологиялық өзгеріс құндылықтар жүйесін жаңарту ісімен қатар жүруге тиіс деп санайды. 

– Қоғамдық мінез-құлықты, қалыптасқан әдетті, адамдар арасындағы қарым-қатынас мәдениетін бір күнде өзгерту мүмкін емес. Және бұл істің игілігі бірден көрінбеуі де мүмкін. Бірақ бұған сілтеп тастауға да болмайды. Бұл үздіксіз жүргізілуі тиіс жұмыс. Сондықтан, Әл-Фараби мұрасын зерделеу академиялық міндет болып қалмауға тиіс. Оның идеялары дәл осылай білім беру мазмұнына, гуманитарлық зерттеулерге, қоғамдық пікірталасқа, жастар тәрбиесіне кеңінен енгізілуі қажет. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да нақты ұстанымы, – деді Вице-Президент.

Бөлісу