Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Ақтауда тұрғындар жолды жауып тастады: Энергетика министрі түсініктеме берді

Ақтауда тұрғындар жолды жауып тастады: Энергетика министрі түсініктеме берді
Фото: pixabay.com

Ақтауда электр жарығы, жылу және ыстық сусыз қалған тұрғындар наразылық білдіріп, жолды жауып тастады. Оқиғаға қатысты Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов түсініктеме беріп, апаттың себебін атады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұған дейін Ақтау қаласының тұрғындары 19А және 20-шағын аудандар арасындағы жолды жауып, коммуналдық қызметтердің жұмысына наразылық білдірген. Олардың айтуынша, тұрғын үйлер бір тәулікке жуық электр қуатынсыз қалған. Сонымен қатар пәтерлерде жылу мен ыстық су болмаған.

Үкіметтегі брифинг барысында журналистер Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтен осы жағдайға байланысты түсініктеме беруді сұрады.

Министрдің айтуынша, электр қуатының өшуіне қолайсыз ауа райы себеп болған. Жауын-шашын салдарынан жоғары вольтты электр желісі үзіліп, апат болған аумақты су басқан.

"Шынында да мұндай жағдай болды. Мен оны білемін, қала және облыс әкімімен сөйлестім. Мәселе Ақтауда жаңбыр жауып, жоғары вольтты сымның үзілуінде болып отыр. Учаскені су басу салдарынан үзілген жоғары вольтты сымға жету қиындады, жаңасын әкеліп, ауыстырды, апат салдары шұғыл түрде жойылды", – деді Ерлан Ақкенженов.

Оның сөзінше, су басқан аумаққа жету қиын болғандықтан, жөндеу жұмыстары күрделене түскен. Кейін мамандар зақымданған сымды ауыстырып, апат салдарын жойған.

Тұрғындардың шығынын кім өтейді?

Брифинг кезінде журналистер электр қуатының үзілуінен тұрмыстық техникасы істен шыққан азаматтардың шығынын кім өтейтінін де сұрады.

Министр мұндай жағдайға тап болған тұрғындарға жергілікті әкімдікке жүгінуге кеңес берді.

"Зардап шеккен барлық тұрғынға әкімдікке хабарласуға кеңес беремін. Әріптестерге жауапкершіліктің қай жерде шектелетінін түсіндіру үшін айтқым келеді. 220-500 кВ жоғары вольтты желілер Энергетика министрлігінің қарамағында. 110 кВ және одан әрі 35 және 0,4-ке дейін төмендететін желілер жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы өңірлік электр компанияларының құзыретінде", – деді министр.

Ерлан Ақкенженов өңірлерді электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты жауапкершілік жергілікті атқарушы органдарға жүктелетінін атап өтті. Оның айтуынша, апат болған электр желісіне нақты қай ұйым қызмет көрсеткенін және жауапкершілік кімге тиесілі екенін облыс әкімдігі анықтауы тиіс.

Бөлісу